• 30-03-2025

Ел-жұрт отбасылық-рулық "таңбаларын" төріне ілуді сәнге айналдырған

Қазіргі кезде ғаламтор, әлеуметтік желі отбасылық "елтаңбаны" жасап беру туралы хабарландыруға толды. Өйткені бұл сала заңмен реттелмеген.

Өзін Veta.kz авторы, дизайнері және суретшісі деп таныстырған маман қазақстандықтардың сұранысы бойынша кез келген отбасылық гербті немесе геральдикалық белгісін жасап бере алатынын жеткізді.

"Отбасылық герб – үйлену тойы, мерейтой, басқа той болсын, керемет сыйлық болады. Себебі, отбасылық гербте қоғам мен болашақ ұрпаққа, сол рудың кейінгі мирасқорларына символ тілінде шифрланған үндеу жолдауға болады. Бұл – ауқатты, қолында не керектің бәрі бар тұлғалар үшін таптырмас тарту! Бүгінде отбасылық герб – мәртебенің белгісі! Ол әмбебап сыйлық, оны жұбайыңызға да, бастығыңызға да, іскерлік серіктесіңізге де ұялмай ұсына аласыз", – деді атын атамаған дизайнер-суретші қыз.

Оның айтуынша, әрбір отбасының өз құндылығы, өз дәстүрі, өз тарихы бар. Герб соның бәрін болашақ ұрпаққа сақтап жеткізе алады.

Ал, "Makersburo" өкілдері соңғы кезде отбасылық герб үлкен сәнге айналғанын айтады.

"Адамдар соны мақтаныш ететінді шығарды. Бұл отбасылық дәстүрді нығайтады деп есептеледі. Төл гербті жасату үшін сізге генеалогиялық тегіңізге шағын зерттеу жүргізіп, тарихта руыңыздың қандай нышандары болғанын анықтауыңыз керек болады. Егер зерттеу барысында ата-бабаларыңыздың бірі ақсүйек тобына жатқаны анықталса, онда оның гербін "Бүкілресейлік империяның дворяндар тектілерінің Жалпы герб тізілімінен" іздеуге болады. Немесе, отбасыңыздың төл гербін өз бетіңізше жасата аласыз", – деді олар.

Бұл істе кәсіби дизайнерлер көмектеседі екен. Мамандар отбасылық гербте:

  • отбасының өзгелерден даралар даңқ-абыройын, жетістіктерін,
  • отбасылық төл құндылықтарын,
  • дәстүрлері мен басымдықтарын,
  • отағасының не отанасының кәсібін, мамандығын,
  • отбасы мүшелерінің тұлғалық қасиеттерін және басқасын бейнелеуге кеңес берді.

Осының бәрі анықталғаннан кейін, идея мен ақпаратты дизайнерге беру қажет. Ол оны геральдикалық символға айналдырады да, отбасылық гербтің бірнеше нұсқасын ұсынады.

Бұл қазір қиын емес, бәрін жасанды интеллектінің ақылы сервистері кәсіби деңгейде жасап береді.

Жалпы, нарықта отбасылық гербті жасату құны әртүрлі: орта есеппен 50 мыңнан басталып, жарты миллион теңгеге дейін барады. Егер "алтын жалатамын, күміспен күптеймін" десеңіз, әрине, ол бірнеше есе қымбатқа түседі.

Шеберлер сұраған ақысын төлесе, отбасылық немесе рулық "елтаңбаның" неше түрін жасап береді. Оның гипстегі арзандау нұсқасына, қолдан оюлатып ойылып, ағаштан қиылған түріне, металда соғылғанына, теріде өрнектелгеніне, шапан, қамзол, костюм, ішік-тон және басқа киімдерге тігуге, өзге де заттарға логотип пен дизайн түрінде түсіруге тапсырыс бере алады.

Жалпы, қазақстандықтардың отбасылық және рулық гербтер мен символдарын ілгерілете бастауы әлеуметтік желіде пікірталас туғызды.

Пікір білдірушілердің бір тобы бұған тосқауыл қою қажеттігін, өйткені оның соңы бірлікке сына қағуы мүмкін екенін ескертуде.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, графикалық дизайн шебері Валерий Васильев геральдиканың тек өнер ғана емес, терең мағынасы бар ғылым екеніне сенімді.

Оның айтуынша, Батыс елдеріндегі геральдика мен қазақтардағы Шежіре – адамның Жаратқан Иемен байланысын білдіретін байырғы тарихи дәстүрлер. Оның түрлі мағынасы гербтарда, байрақ-штандарттарда, таңбаларда көрініс тапқан.

Алайда уақыт өте келе, олар терең мағынасын, мән-маңызын жоғалта бастады, гербтер мен таңбалар адамдардың руын, тегін сәйкестендірудің белгісіне айналды.

"Бүгінде, жаңарулар мен құндылықтарды қайта бағамдау дәуірінде адамдарға қайтадан рухани бағдарлар қажет болуда. Олар адамдарға жан бағып, тірі қалуға ғана емес, сондай-ақ тағдырын саналы түрде басқаруға тырысуға көмектеседі. Ал, отбасылық гербті жасау – күрделі, көп қырлы процесс. Ондағы әрбір деталь ерекше мағынаға ие болуы шарт. Суретші-геральдист әрбір рудың бірегей тарихын паш ету үшін символдарды мұқият іріктеп алуға тиіс", – деді Валерий Васильев.