• 31-03-2025

Жаңа экспозиция - өскелең ұрпақтың рухани дамытып, жастардың сұранысы мен қызығушылығын арттырады – Жанар Максутова

Биыл ТМД және КСРО құрама енген бірқатар мемлекеттер Ұлы Отан соғысының аяқталуына 80 жыл толуын атап өтеді. Осы орайда, елімізден шыққан даңқты батырларымыздың ерен еңбегін атап өткен абзал.

Айта кетерлігі, Қазақстан халқы осы жылы Кеңес Одағының батыры, қаһарман қыз – Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын атап өтпек. Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келген атаулы күні елімізде қандай іс-шаралар ұйымдастырылады? Қаһарман қыздың атымен аталатын облыстық мемориалды музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Осы және өзге де сауалдарды, Сaravan.kz тілшісі Ә. Молдағұлова атындағы Ақтөбе облыстық мемориалды музейінің директоры Максутова Жанар Туғамбайқызына қойып көрген еді.

Айта кетерлігі, Ақтөбе өңірінде биылғы жылы облыс әкімі А. Шахаровтың Ә.Молдағұлованың 100 жылдығын өткізу бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, жыл бойы 100-ге жуық іс-шаралар өткізілетін көрінеді. Оның ішінде жоспарға сәйкес заманауи цифрлық технологиялар пайдалынылып тақырыптық-экспозициялық жоспар негізінде реэкспозиция (музей экспозициясын қайта жасақтау-ред.) жасалынған. Осы орайда, музей директоры Жанар Туғамбайқызын әңгімеге тарттық.

Биыл батыр қыз Ә. Молдағұлованың 100 жылдығы, осыған орай музей көлемінде қандай іс-шаралар атқарылды?

Ерлік сағаттар мен дәрістер өткізілуде. Әлияның қайтқан, Ленинградтың қоршаудан азат етілген, Ауған соғысының аяқталған күні секілді танымдық шаралар, жылжымалы көрмелер ұйымдастырылды. Облыстық экскурсовод сайысында музейіміздің экскурсия жетекшісі Әсемгүл Амангелді бас жүлдені жеңіп алды. Осындай шаралар легі мамыр-маусым айларына да жоспарланып отыр.

Осы жылы музейге реконструкция жұмыстары жүргізіліпті, осы жөнінде толығырақ мәлімет бере кетсеңіз?

Иә, 100 жылдыққа дайындық ретінде жөндеу жұмыстары 2024 жылы жүргізіліп, экспозиция қайта жасақталған болатын. Осыған орай, жаңа экспозиция өскелең ұрпақтың рухани дамуына, жастардың сұранысы мен қызығушылығын арттыратын жаңа технологиялармен жабдықталып, заманауи құралдармен толықтырылды. Оның ішінде VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, цифрлы сторителлинг, 3D-mapping, жасанды интеллект арқылы жасалған голограмма, «3D анимация» голографиясындағы Әлия бейнесі виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск енгізілді.

Одан бөлек, музейден батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, қазіргі заманауи музей жабдықтары, туған-туыстары мен оқыған жері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін құнды жәдігерлерді көруге болады. Бұған қоса Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер мен салынған суреттер, түсірілген фильмдер батырдың атынан құрылған би ұжымы мен іздестірушілер тобына арналған витриналар тұлғалық музейдің маңызын одан ары арттырады деген сенімдемін. Яғни, музейге келушілер жаңа заманауи

мультимедиялық технологиялар арқылы тарихты етене түсініп, соғыс жылдарының ауыртпалығын сезініп, сол кезеңге енгендей әсерде қалады.

Бүгінгі күні музейде батыр қыздың қандай құнды жәдігерлері сақталған?

Қазіргі таңда музей қорында 11 мыңнан астам экспонат жинақталған. Оның ішінде ең құндысы, Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені туралы грамота құжаты, оның майданнан жазған хаттарының көшірмесі, мектептегі оқу үлгерімі туралы тоқсандық табель мен сынып журналы, мектептегі, соғыстағы фотосуреттері болып отыр. Әлияның өмірі мен ерлік жолын зерттеп, кітап жазып, кино фильмнің түсірілуіне мұрындық болған журналист-жазушы Сейілхан Асқаровтың жинақтаған материалдары да музейіміздің алтын қорын құрап отыр.

Бүгінде мемориалды музей жастарға әскери-патриоттық тәрбие берумен қатар, ақтөбелік батырлардың есімін жаңғыртып, соғыс тарихына қатысты естеліктерді, құжаттарды жиып-теріп отырған орталыққа айналды. Сонымен бірге біздің музей ақтөбелік соғыс ардагерлерінің орден-медальдары мен құжаттары музейдің құнды жәдігерлерін құрап отыр.

Әлия туралы, соғысқа қатысты материалдарды жинақтап, зерттеу мақсатында 1989 жылы музей жанынан «Әлия» іздестіру тобы құрылған болатын. Топтың мақсаты — қызыл әскер қатарындағы жауынгерлердің мүрделерін тауып, құрметпен қайта жерлеу, қаза тапқандардың отбасына және музейге соғыс кезіндегі қолданылған заттарды, құжаттарды табыстау. Қазір осы іздестіру тобы тапқан бұйымдар музейдің төрінен орын алып тұр. Олардың арасында автомат, пулемет, гранаталар мен патрондар, каска, медальон және әскери ыдыстар сынды өзге де заттар бар.

Даңқты қыздың батырлығын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында музейде қандай іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады?

2003 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын «Мерген-Ару» байқауының биыл Республикалық ашық біріншілігі ұйымдастырылып, еліміздің әр тарапынан 16 команда додаға түсті. Сөйтіп, Қостанай облысының командасы мен мерген аруы жеңімпаз атанды. Батыр қызымыздың туған және қайтқан күндері кең көлемде жылда аталып өтіледі. «Әлия ғұмыры – ерлік пен өнеге» – Псков облысы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы батыр қызымызға қатысты мекемелермен тікелей эфирде телемосттар өткізіледі. «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы барысында Әлияға қатысты экспонаттар жинақталады. Ал, халықаралық музейлер түнінде дәстүрлі түрде жастарға арналған түрлі қару-жарақтар көрмесі мен интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылып отырады.

100 жылдыққа орай музейде алдағы уақытта қандай іс-шаралар өтеді?

Иә, өңірімізден шыққан даңқты батыр арудың ерлігін насихаттау жұмысы алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Мәселен, мобилографтардың арасында Әлияның ерлігі және Ә. Молдағұлованың облыстық мемориалды музейін насихаттауға арналған «Үздік креативті контент» байқауын өткізу жоспарланып отыр. Сол сияқты музей қызметкерлері «Халықаралық Естелік Вахтасы» – «Жауынгерлік бауырластық» іздестіру тобымен бірлескен РФ Новгород облысының экспедициясына қатысқалы отыр. Тағы бір айта кетерлігі, Ә. Молдағұлованың туған күніне арналған кешенді іс-шаралар топтамасы да әзірленіп жатыр. РФ Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники, Вятск, Рыбинск қалаларынан, Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Атырау, Орал қалаларынан тарихшылар, зерттеушілердің, іздестірушілердің қатысуымен «Ғасырларға жалғасқан ерлік» – халықаралық форум өткізіледі. Сонымен бірге, «Әлия музейін сақтап қалған қазақ жастары» – Ленинград қаласындағы 1978-1979 жылдары №140 мектеп музейін жасақтаған өкілдерімен кездесу шарасы ұйымдастырылатын болады.

Сол сияқты, «Жауынгерлік бауырластық» іздестіру тобымен бірлескен «Жауынгерлердің ерлік жолдарымен – По местам боевой славы» Ақтөбе→Вятск→Рыбинск→Ржев→ Оленино→Псков→Калуга бағытында жоспарланған әскери-патриоттық экскурсиясына музей қызметкерлері барады деп күтілуде. 100 жылдыққа орай Әлияның өмірі мен ерлігі жазылған кітап шығарылады.

Ал, Астана қаласындағы Ә.Молдағұлованың мемориалды кешені алаңында Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы «Арайлы Ақтөбе» ансамблімен бірлескен «Әлия – батыр қызы халқымның» салтанатты шарасы мен ҚР Қарулы Күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде «Әлия – қаһармандық дастаны» атты музей қорынан жылжымалы көрме қою жүзеге асырылмақ.

Әңгімеңізге рахмет!