Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды
Түркістан облысында қаржылық пирамидаларға қарсы күрес аясында кезекті үкім шықты. Төлеби аудандық соты ...
Қазақстанда миллиардтық заңсыз операциялар анықталды. Қылмыстық топ қырауар ақшаны "сұр" арналар арқылы қалай жымқырды? Қылмыскерлер қалай
Қазақстанда миллиардтық заңсыз операциялар анықталды. Қылмыстық топ қырауар ақшаны «сұр» арналар арқылы қалай жымқырды? Қылмыскерлер қалай жұмыс істеген, оларға кім көмектескен және олар қалай ұсталды? Caravan.kz тілшісі анықтап білді.
Схеманың сипаттамасы
Қаржылық мониторинг агенттігі ауқымды трансшекаралық ақша аударымдары схемасын анықтағанын жариялады.
Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, ақша төлем ұйымдары арқылы өткізіліп, заңды операциялар ретінде онлайн-казиноның пайдасына шығарылған.
Онлайн-казино Қазақстан аумағында заңсыз. Сондықтан схеманы іске асыру үшін финтех-сервистер иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған келісімшарттар арқылы сатып алынған «сұр» POS-терминалдар мен ID-терминалдарды пайдаланған.
«Бүгінгі күні анықталған заңсыз операциялар көлемі 600 млрд теңгеден асады. Заңға қайшы әрекетке жиырмадан астам төлем ұйымы мен екінші деңгейлі банктердің жекелеген қызметкерлері тартылған», — деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің бас өкілі Ернар Тайжан.
Схеманың жұмыс істеу тетігі
Кейбіреулер үшін мәселенің мәні бірден түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан бастан-аяқ ретімен түсіндірейік.
Қазақстанда онлайн-казиноға тікелей ақша аудару мүмкін емес, мұндай транзакциялар автоматты түрде бұғатталады. Сол себепті шынайы мақсатты жасыру үшін ұйымдастырушылар үшінші тұлғаларды пайдаланған. Олар түрлі финтех-сервистер мен төлем компаниялары. Олар арқылы клиенттер кәдімгі сатып алу, қызмет төлеу, спорттық бәсе тігу сияқты заңды операцияларды жасағандай көрінеді. Бірақ төлемдер «сұр» терминалдар арқылы өтіп, қаражат мүлдем басқа шотқа жіберілген. Ол шоттың иесі, әрине, онлайн-казино болған. Бұл схема қанша уақыт жұмыс істегені нақты белгісіз, бірақ бірнеше жыл бойы жалғасқан деген болжам бар.
Кейбір сарапшылар мұндай тәсіл туралы естігендерін жасырмады.
«Мен бұл туралы 2-3 жыл бұрын естігенмін. Тікелей қатыспасам да, бұл қызмет түріне жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ресми түрде «франшиза» ретінде қосылуды ұсынғандар болды», — дейді банк саласының тәуелсіз сарапшысы Нұржан Биякбаев.
Сонымен қатар, төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсеткен Call-орталықтың жұмысы да тоқтатылды. Ол жерден ақша операциялары бойынша кеңес берілген. Call-орталықтың заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары арасынан 120 адам тартылған.
«Бұл оңай ақша, ешқандай физикалық күш керек емес, мал өсіріп, егін егудің де қажеті жоқ. Барып тұрған алаяқтық. Біреулерді алдап, ақшасын тартып алады, ешкім ұтпайтындай жағдай жасайды, немесе 1% ғана ұтады. Менің ойымша мұндай кәсіптің артында өте беделді адамдар тұр», — дейді банк саласының тәуелсіз сарапшысы Нұржан Биякбаев.
Гемблингке арналған серіктестік бағдарлама
Ұйымдастырушылар криптовалюта арқылы ақша қабылдап, шығарып отыратын арнайы гемблинг серіктестік бағдарламасын да құрған. Оның айналымы 200 млн USDT-ге жеткен, шамамен 200 млн доллар.
Сарапшылардың айтуынша, ойыншылар шынайы ойын платформасы деп ойлаған ресурстардың бір бөлігі шын мәнінде клон-платформалар болған. Барлық қаражат иелеріне құйылып отырған, ал жеңімпаздар мүлде болмаған деуге болады. Көпшілігі тек ұтылып отырған. Осылайша, бұл схема толығымен қаржы шығаруға бағытталғаны анық.
«Адамдар шын ойын ойнап жатырмыз деп ақшаларын салады. Бірақ бұл жалған сайттар. Қазақстан үшін бұл жаңа алаяқтық схема, осы іс арқылы көптеген жағдайды зерттеуге болады», — дейді банк саласының тәуелсіз сарапшысы Нұржан Биякбаев.
Қатысушылар
Схеманың ауқымы өте кең. Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнамнан жалпы 120 адам заңсыз кол-орталық пен төлем арналарының жұмысына қатысқан.
Істің болашағы
Сарапшылар бұл істі прецедент ретінде қарау керек екенін айтады. Себебі алдағы жылдары мұндай қылмыстық схемалар саны артуы мүмкін. Қылмыскерлер ізін барынша жасыруға мүмкіндік беретін онлайн-кеңістікке толық көшіп жатыр. Басқа сілтемелер, жаңа қосымшалар, қолданбалардың клондары пайда бола береді. Интернеттегі бақылаусыз кеңістікті ескерсек, оларды орналастыру қылмыскерлер үшін қиын емес. Финтех әлемі шексіз, ал мұндай схемалар өте табысты болғандықтан, одан бас тарту қиын. Өкінішке қарай, оған біздің азаматтардың да қатысы бар.
Тергеу барысы
Бұл іс бойынша сұрақтар әлі де көп. Алда талай жаңа мәлімет белгілі болатыны анық. Дегенмен, кейбір жарияланған деректерге сүйенсек, 70-тен астам тінту жүргізіліп, көптеген айғақтар тәркіленген. Тоғыз күдіктіге, оның ішінде төлем ұйымдары қауымдастығы басшысының кеңесшісіне қамау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Сонымен қатар, агенттік сегіз адамды, оның ішінде шетел азаматтарын халықаралық іздеуге беруге қажетті материалдарды дайындап жатқанын хабарлады.