• 13-03-2025

"Педофилияға ұқсайды": Балаларға аяғын уқалатқан молда туралы қоғам белсенділері не дейді

Әлеуметтік желілерде Сарыағаштағы медреселердің бірінде Әбдужаппар Смановтың шәкірттеріне аяғын уқалатып қойған видеосы тарап жатыр.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Қызу талқыланып жатқан аталмыш видеоға қатысты қоғам белсенділері мен журналистер түрлі пікір білдіруде.

Қоғам не дейді?

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы еліміздегі медреселердің барлығын тексеруді ұсынды.

«Небір малдан төмен малғұндар қаптап кетті. Ақырзаман таяғанда барлық жын-жыбыр жер бетіне шығады деген рас-ау.

Мұндай надан дүмшелерді соттап, түрмеге жабу керек… Орта ғасырда (тіпті бертінге дейін) Ватиканда папалар балаларға білгенін істеген….. мына хайуандардың да не істеп жүргенін бір Алла біледі… түп-тамырын қопарып тексеру керек….. Еліміздегі мешіт, медреселердің бәрін тексеріп, сүзгіден өткізіп, жабатынын жауып, қалдыратынына талап, ереже, шарттарды бекітетін уақыт жетті», — деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол Дастан есімді желі қолданушысының да жазбасын өз парақшасында жариялап, оның пікірін қолдайтынын айтты.

«Осыны жазбай-ақ қояйыншы деп едім, бірақ бұл кісіні қорғаштап, адвокат болып, елді ақымақ санап, “немерелері екен” дегендей басу айтатын посттар көбейіп кеткесін жазып отырмын. Шыдамның да шегі бар дегендей.

Уқалаудың да жөні бар. Бала кезімізде үлкен әже-апаларымыздың табанын уқалап, арқасын аяқпен басып, өзімізше көмектестік, бірақ бәрі үй ішінде, өз арамызда, сырт көзден таса жағдайда болатын. Қанша дегенмен бұл интимді процесс қой.

Енді мынау не? Құдды бір құл иеленушіге ұқсап, елдің алдында талтайып, бала-шағаға үсті-басын уқалатып қойған. Бұттың айналасынан шықпайды ғой әрі. Анайы, ерсі, примитивті көрініс, тіпті педофилияның иісі шығады.

Отбасылық ритуалдарын жеке өз үйінде істесін, қарсы емеспін, бірақ едің алдында отырып алып, осындай интимді дүниемен айналысу ерсі екен. Құдды бір батша балаларды ләззат алу үшін жегіп қойғандай әсер қалдырады. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету арқылы үстемдік ету. Қорқынышты көрініс.

Қазаққа тән қылық емес әйтеуір, мүмкін сарттанған, батша балаларды билетіп қойып, ләззат алып қарап отыратын отырықшы халықтарда бар дәстүр шығар, бірақ мен мұны қабылдай алар емеспін. Баланың психикасына да обал.

Дастан Мырза парақшасынан. (Дастан мырза көкейдегі ойды айтыпты. Осыны жазуға ерініп қоя салып едім. Ойымды дөп бастыңыз…)», — деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.

Ал, журналист, блогер Өркен Кенжебек қалжың-шыны араласжазба жариялап, балаларға аяғын уқалатқан ұстазды жақтайтын сыңай танытты.

«Біз бала кезде камера болмағаны қандай жақсы, ә? Нағашы апам Күнімайдың аяғын басып массаж жасағанымды көрсе, оны абьюзер дер ме еді», — деп жазды ол.

Аяғын уқалаған шәкірттері емес

Смановтар әулетінің өкілі, дін ұстазы Абдулахад Сманов видеода имамның аяғын уқалаған шәкірттері емес, немерелері екенін түсіндірді.

«Әлеуметтік желіде бір видео кеңінен тарап жатыр екен! Сондағы айтып жатқаны «жас балаларға аяғын ұқалатып қойып, өзі жәннатта жүргендей» деген сөздері екен!

Осы мәселені тарқата кетсем: Бұл жерде атамыздың аяғын ұқалап жатқан балалар — атамыздың өзінің немерелері! Ешқашан атамыз өзге адамдарға аяғын ұқалатқан емес! Тек өз балаларына және немерелеріне тәрбиелік тұрғыда аяғын ұқалауына рұқсат еткен! Тәрбиелік тұрғы дейтінім, біз қазақ әрқашан үлкеннің қолына су құйып, атаның қызметін жасап, батасын алуға талпынған халықпыз!

Өзіміз де, марқұм әкемізге және атамызға қызмет етіп өстік, батасын алуғы тырыстық, одан кем болған жоқпыз!», — деп жазды ол.

Имамға ескерту жасалды

Orda.kz жазған ақпаратқа сенсек, оқиға бойынша Түркістан облысының білім басқармасынан тексеріс жүргізіп үлгерген.

«Бұл намаздан кейінгі таң уағыз кезінде болған. Абдіжаппар Смановтың аяғын уқалағандар медресе шәкірттері емес, оның немерелері мен жиендері болған. Олар әрқашан атасына құрмет көрсетіп, бата сұрап, ізет білдіреді», деп хабарлады ведомстводан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәлімдеме жасады.

«Мешіт – құлшылық үйі, жамағат жиналатын рухани орда, қасиетті мекен, тәрбие орны. Құлшылық үйіне келген адам мешіт әдебін сақтауы тиіс. Бұл – мұсылманның көркем мінезінің бір белгісі. Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мешітте болған оқиға әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда түрлі пікір қайшылығын тудырды. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітте қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін имамға ескерту жасады», деп мәлімдеді басқарма.