• 14-03-2025

Әнші Айбек Қайбулланың концертіне мұғалімдерден ақша жинағандар жазаланды

Әнші гастрольдік сапарымен Қордайға ақпан айында келген болатын.

Жамбыл облысында әнші Айбек Қайбулланың концертіне мұғалімдерден ақша жинағандар жазаланды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ұстаздарға күштеп билет алғызғаны үшін бас-аяғы төрт жауапты тұлғаға тәртіптік шара қолданылды. Олардың арасында әкімдік қызметкері, білім бөлімінің маманы мен мектеп басшылары бар.

Әнші гастрольдік сапарымен Қордайға ақпан айында келген болатын. Бірақ аудандық ұстаздар өнер иесі өтпей қалған билеттерін басшылық арқылы зорлықпен сатты деп шағымданған. Осы жайттан кейін тексеріс жүргізген білім сапасын бақылау департаменті мұғалімдердің айтқанын растады. Бірақ педагогтардың ақшасы кері қайтпады.

Есесіне билетті сатуға бұйрық берген, оны орындаған Қордай ауданы әкімдігі аппаратының инспекторы, білім бөлімінің бас маманы, екі мектептің директорына қатаң ескерту берілді. Сонымен қатар білім басқармасының жауапты қызметкері түсіндіру жұмыстарын жүргізбегені үшін де жазалануы мүмкін.

"Департамент тарапынан облыстық білім басқармасының жауапты маманына тәртіптік жаза қарастырылсын деген ұсыныс хат жолдадық. Екі рет қайталанған жағдайда айыппұл бар. Бұл мәселеге байланысты заңның талаптарына сәйкес біз ескерту беріп отырмыз", – деді Жамбыл облысы білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев.