• 30-03-2025

Халықаралық мәртебені нығайтатын құжаттар

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, депутаттар Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз­стан Министрлер Кабинеті арасын­дағы инвестицияларды көтерме­леу және өзара қорғау туралы келісім­ді ратификациялады. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңестің хатшылығы (АӨСШК) арасын­дағы келісімге өзгерістер енгізу туралы, Қазақстан мен АҚШ Үкіметі арасындағы Алма­ты қаласында АҚШ консулдық мекеме­сінің үй-жайларын салу үшін АҚШ Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді рати­фи­­­ка­ция­лайтын заң жобасын қарады.

АӨСШК қызметкерлері қандай артықшылыққа ие болады?

Отырыстың күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе аясында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин баяндама жасады. Ол депу­таттарға «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығы арасындағы хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

Аталған заңға енгізілген өзгеріс бойынша, АӨСШК хатшылығының қызмет­керлері бұдан былай халықаралық қыз­меткер мәртебесін алады. Бұл норма Мәжіліс ратификация­лаған келісімге енгізі­ліп отыр. 2024 жылы 15 қарашада Астана­да қол қойылған хаттама Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының Қазақ­стан аумағында болу жағдайларын жақсар­туға, оның қызметкерлерінің артықшы­лықтары мен иммунитеттерін кеңейтуге бағытталған.

– Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдайын­да Азия кеңесі өзінің география­лық ауқым­дылығы мен құралдарының негізінде бұрынғыдан да жоғары сұраныс­қа ие болып отыр. Осыған орай қабыл­данатын заң қызметкерлердің еңбек жағ­дайларын халықаралық стандарттарға жақын­датып, кеңесті толыққанды халық­ара­лық ұйымға айналдыруға оң әсер береді және хатшылық қызметінің әлеуетін одан әрі арттырады, – деді Ақан Ақасұлы.

Жалпы, Азия кеңесі хатшылығының Қазақстанда болуы шарттары туралы келісімге 32 өзгеріс енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, олардың 13-і хатшылық персоналына халықаралық азаматтық қызметші функцияларын беруге қатысты, ал қалған 19-ы – редакциялық түзету.

Баяндамашының айтуынша, артық­шы­лықтар мен иммунитеттер хатшылықтың барлық қызметкеріне персонал санатына және азаматтығына қарамастан беріледі. Атап айтқанда, хатшылық персоналының мүшелері, оның ішінде Қазақстан азаматтары, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерге салық салудан босатылады. Сонымен қатар хатшылыққа өз қызметін жүзеге асыруға қорлар мен басқа да қаржы тетіктерін құру, қызметкерлер үшін зейнетақы және әлеу­меттік қамсыздандырудың жеке жүйе­лерін құру құқығы беріледі.

АҚШ Алматыда жаңа консулдық ғимарат салады

Жалпы отырыс­та Мәжіліс депутаттары Алматы қаласы­нда АҚШ консулдық мекемесінің ғимара­тын салуға АҚШ үкіметіне жер телім­ін жалға беру туралы Қазақстан-Америка үкіметаралық келісімін ратификация­лады. Бұл мәселеге қатысты заң жобасын Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин таныстырды.

Оның айтуынша, аталған келісім Қазақ­стан мен АҚШ арасында страте­гиялық ын­ты­мақтастықты нығайтуды көздейді.

– Келісімнің күшіне енуі Қазақстанның саяси және практикалық мүддесіне сәйкес келеді. Біріншіден, аталған жер учаскесін жалға беру келісімі арқылы Қазақстанға АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында еліміздің бас консулдығын ашуға рұқсат берді. Екіншіден, АҚШ тарапымен алдын ала келісілгендей аталған заң жобасы ратификацияланғаннан кейін АҚШ тарапы Хьюстонда (Техас штаты) тағы бір Қазақстан консулдығын ашуға рұқсат береді. Үшіншіден, жаңа бас консулдықтың құрылысы оның қызметінің ұлғаюына, бизнестің дамуы­на, қала инфра­құрылымының дамуына, ұзақмерзімді болашақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Төртіншіден, америкалық және басқа да халықаралық компаниялар үшін тартымды инвестиция, – дейді ол.

Құжатқа 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында қол қойылған. Шарттың ережелері АҚШ үкіметіне Алматыдан жер учас­кесін беру тәртібі мен шарттарын анық­тайды. Оның ауданы – 70 593 шаршы метр, жалдау мерзімі – 49 жыл. Жалдау ақы­сы 25,3 млн долларды құрайды және келісім енгізіл­ген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде бірыңғай төлеммен төленеді. Келі­сімге сәйкес АҚШ үкіметі жалдау ақысын қоспағанда, жер учаскесі мен консулдық ғимаратына салықтар мен басқа төлемдерді төлеуден босатылады. Бұл ретте ол консулдық ғимаратының құрылысына байланысты коммуналдық қызметтерді Қазақстанда қолданыстағы нормативтер мен тарифтерге сәйкес төлей отырып, ғи­маратты күтіп-ұстауға және жөндеуге жұм­сал­ған шығыстарды дербес төлеуге міндет­теледі. Ғимаратты салу және жабдықтау үшін АҚШ-та өндірілген материалдарды, жабдық­тар мен тауарларды пайдалана алатын АҚШ мердігері бас мердігер болып бекітіле­ді. Олар кедендік төлемдерден, импорт салықтары­нан және рұқсат алу талаптарынан босатылады.

Заң жобасын талқылау барысында Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы дипломатиялық қарым-қатынас тәуел­сіздігіміздің алғаш­қы күндерінен-ақ табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

– Осы уақыт ішінде біз кең көлемдегі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеттік. Ол сауда және инвестиция, энергетика сынды көптеген бағытты қамтиды. Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының жаңа ғимараты­ның құрылысы екіжақты өзара іс-қимылға қосымша серпін бермек. Шынында да Консулдық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес, консулдықтар елдер арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және ғылыми байланыстарды дамытуда шешуші рөл атқарады. Осылайша, бұл жоба дипломатиялық өзара іс-қимылды кеңейтіп, екі елдің азаматтары үшін визалық және консулдық рәсімдерді жеңілдетуге ықпал етіп қана қоймай, эко­но­микалық және инвестициялық ынты­мақтастықты жеделдете түсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді А.Құспан.

Осы отырыста Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады. Заң жобасын депутаттарға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров таныстырды.

Бұған қоса Мәжіліс депутаттары Су кодексіне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелеріне өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулерімен келісті.

Шекаралық аудандардың ахуалы алаңдатарлық

«Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Жигули Дайрабаев Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновке Атырау облысы Исатай ауданындағы Бақсай, Нарын, Сборный су арналарының техникалық жағдайын және осы өңірдегі елді мекендердің ахуалын жақсарту туралы депутаттық сауалын жолдады. Депутаттың айтуынша, өңірде су шаруашылығы инфрақұрылымы тозған, су арналарының өткізгіштік қабілеті төмендеген, механикалық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмейді, автоматтандыру деңгейі төмен және білікті кадрлар жетіспейді. Осының кесірінен су мақсатты тұтынушысына жетпей, салдарынан тіршілік көзі текке ысырап болып жатыр.

Ал «Amanat» партиясы фракция­сының жетекшісі Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке шекара маңындағы аудандардың проблемаларын жолдады. Мәжіліс депутаты өз сауалында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай­дың Бурабайда өткен кезекті отырысында Үкіметке депутаттармен бірге шекара ма­ңын­дағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдау бастамасын жан-жақты қарас­тыруды тапсырғанын атап өтті.

Депутат Е.Саиров қазіргі таңда еліміздің көршілес 5 елмен шектесетін 14 облысындағы шекаралық аймақтарда 65 аудан бар екенін, онда 3,5 млн адам тұратынын тілге тиек етті. Ал шекараның түбінде, яғни шекарадан 50 шақырымдық аралықта 1,7 млн халық тұратын 1 283 елді мекен орналасқан.

Шекара маңындағы аумақ­тардың бос қалып, ұлттық, аумақ­тық қауіпсіздіктің әлсіреуіне алып келіп отыр. Осылайша, депутат Үкімет басшысына «Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы» арнайы заң қабылдаудың өте маңызды екенін ескертті.