
Қазақ тарихында ел тағдырына қатысты келелі шешімдер шығарылатын Құрылтай жиыны кейінгі үш-төрт жылда заманға сай трансформацияланып, жаңаша сипат алды. Ол жерде қоғамның барлық саласынан жиналған белсенділер топтасып, өзекті мәселелерді көтеріп жатыр. Киелі Көкше жерінде өткен төртінші отырыста да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген түйткілдерді ортаға салды.
Мен бұл басқосудың ең пайдалы жері ретінде біз секілді Құрылтай мүшелеріне халықтың арасындағы негізгі көкейкесті мәселелерді билікке, Президент деңгейіне дейін жеткізуге үлкен мүмкіндіктің берілуін айтар едім. Бурабайдағы отырыс алдында біз секциялық жиындарда бас қосып, ойымызды ортаға салдық. Соның қатарында өзім «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясына қатысып, сөз алып, үш мәселені көтердім.
Біріншіден, еліміздегі шетелден туристер келетін демалыс орындарымызда ұлттық келбетіміздің қаншалықты көрініс тауып жатқаны жаныма бататынын жеткіздім. Мысалы, сіз Грузияға, Түркияға, тіпті қасымыздағы Өзбекстанға барсаңыз, олардың мейрамханаларында, демалыс аймақтарында, туристер келетін жердің бәрінде өздерінің ұлттық музыкасы ойнап тұрады. Ұлттық тағамдарын, ұлттық киімдерін ұсынады. Ал өкінішке қарай, біздің Бурабайымызға келсеңіз, сіз шетелде жүрсіз бе, Қазақстанда жүрсіз бе, ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті кейбір жерде қазақша әндерді тауып қойғыза алмайсыз. Бұл айтып отырған сөзімнің туризмнің дамуы үшін де маңызы зор. Өйткені шетелдік туристер қазақтың мәдениетін, тілін, дәстүрін, тарихын танығысы келеді. Ал біз оларға өзімізді ешқандай тарихы, мәдениеті жоқ ел сияқты көрсетіп жатырмыз. Әрине, демалыс аймақтарын кәсіпкерлер өз қалауынша ұйымдастыратыны белгілі. Дегенмен мемлекет те бұған назар аударып, кәсіпкерлермен бірлесіп, белгілі деңгейде дұрыс бағытта жұмыс жүргізуге толық мүмкіндігі бар деп есептеймін.
Екіншіден, кейінгі уақытта әлеуметтік желіде қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарына жүйелі түрде шабуылдар жиі жасалатын болып кетті. Мысалы, былтыр киіз үйімізді мансұқтап, видеороликтер түсірді. Біреулер ұлттық асымызға тіл тигізді. Мемлекетіміздің негізгі рәмізі көк туымызды қорлаған әншілер болды. Жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин беташар дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгенін қуана хабарлады. Сол беташардың негізгі элементі – келіннің сәлем салуы. Ғасырлардан тамыр тартқан осы дәстүрімізді кеше ғана белгілі продюссер Баян Мақсатқызы апайымыз жабайылыққа теңеп, ұлтқа тіл тигізді. Солардың ешқайсысы заң алдында жауапкершілікке тартылған жоқ. Тек кешірім сұраумен құтылды. Неге? Өйткені біздің заңымыз әлі қатаң болмай тұр. Егер осындай жүгенсіздікке заңды тұрғыдан тыйым салынбаса, әлі бұл жалғасын таба береді. Әлгіндей негізсіз сөз айтқандарды заңмен жауапкершілікке тартып отырсақ, ешқайсысы бұдан былай мұндай қадамға бармас еді. Біздің ұлттық-рухани құндылықтарымызға шабуыл жасалып жүргенін Бурабайдағы Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты.
Үшінші мәселе ұрпақ тәрбиесіне қатысты. Қазір елімізде бірқатар жаздық лагерьлер жұмыс істейді. Алайда олар өте аз. Жазғы демалысқа шыққан оқушылардың 10 пайызын да қамтымайды. Кезінде әкелеріміз бен аналарымыз «Артек» секілді әйгілі лагерьлерде демалғандарын ертегідей қылып әңгімелеп айтып отыратын. Біз де бүгінгі балаларымыздың жазғы демалыстағы бос уақытын тиімді, мәнді, мағыналы етіп ұйымдастыра аламыз ба? Егер олай болмай, балаларымыз түрлі оғаш қылықтарға барып жатса, кімге ренжиміз? Сондықтан міндетті түрде осы жазғы лагерлерді көбейтуіміз керек. Оның санын ғана емес, мағыналық бағдарламалық сапасын арттыруымыз қажет. Балаларымыздың тәрбиесімен осылайша өзіміз айналыспасақ, онда басқалар айналысады.
Біржан БАЙТУОВ,
айтыскер ақын, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры