• 16-09-2026

Қарағанды гарнизонында "Айбалта-2026" оқу-жаттығуы өтіп жатыр


Стратегиялық оқу-жаттығу аясында әскери бөлімдердің дайындығы пысықталды.


Астанада "Айбалта-2026" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқу-жаттығу "Астана" өңірлік қолбасшылығына қарасты "Спасск" оқу орталығының полигонында өтіп жатыр. Оған өңірлік қолбасшылықтың құрамалары мен әскери бөлімдерінен 600-ге жуық әскери қызметші және 50-ден астам қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған.

Негізгі мақсат – әскерлердің қойылған міндеттерді орындауға дайындығын тексеру, командирлер мен штабтардың жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ бөлімшелердің өзара іс-қимылын пысықтау.

Жаттығу барысында штабтар әскерлерді басқару, бөлімшелерді жылжыту және қайта топтастыру, өзара іс-қимылды ұйымдастыру және жағдай өзгерген кезде басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтайды.

Практикалық кезеңде әскери қызметшілер полигонда қару-жарақ пен әскери техниканы қолданып, қазіргі заманғы қарулы күрес ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайды.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері Бас жедел басқармасының бастығы, полковник Қанат Жәнкеевтің айтуынша, "Айбалта-2026" республика аумағында өтіп жатқан стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың кезеңдерінің бірі.

Оның барысында әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы, басқару органдарының үйлесімділігі және әскерлердің шынайы жағдайға барынша жақын ортада әрекет ету қабілеті бағаланады.

Оқу-жаттығу қорытындысында басқару органдары мен әскерлердің әзірлігі бағаланып, жауынгерлік даярлықты одан әрі жетілдіру бағыттары айқындалады.