(Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңіне түсінік)
«Нарым бар деп мақтанба,
Арым бар деп мақтан»
Халық мәтелі.
Мақтаншақтық – Құдай тағала әр адамда бар қылып жаратқан мінез, тегі. Пенде болған соң, мақтағанға әркімнің де таласы бар. Күтеді. Бірақ бүгінгі қазақ қоғамында мақтанға салыну өршіп бара жатқан секілді. Осыны көре білгендей, ұлы Абай ғақлия сөздері мен поэзиясында бұл дұшпан жайлы көп ескерткен. Әсіресе, жастарды сақтандырған. Төменде ұлы ақынның «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» (1897) деген өсиет өлең талдап, екшеп көрмекпіз.
Абай шығармашылығындағы «Мақтанды қуып кетпе», «Пайда ойлама, ар ойла» секілді салих идеялар, біле білсек, отаршыл билікке қарсылық. Елді бұзылудан сақтаудың қамы, емі еді. Мысалға 1892 жылғы «Күлімсіреп аспан тұр» өлеңінде Абай: «Мансап іздер, мал қуар, Бәрі мақтан іздеген», – десе, келесі «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:
Абұйыр, атақ сол жанда –
Кімді көп жұрт мақтаса, – деп шеней сөйлейді. Сондай-ақ:
Мақтау – жел сөз жанға қас,
Қошеметшіл шығарған, – деп анықтама береді. Кәне, «қошеметшіл», яғни «жағымпаз» сөзіне назар аударайық. Жағымпаз – мінезсіз, екіжүзді адам. Оның қошеметпен айтқан мақтауы – «жел сөз» әрі «жанға қас». Неге? Себебі, ол «сатылған» және «сатып алынған» деп ұқтырады кемеңгер.
Мақтанның табиғаты Абайға аян: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс» (21-сөз) – деп келеді де, «мақтан» ұғымына терең талдау жасап, мақтаншақ пақырларды мынадай үш деңгейге бөледі: «Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді».
Сөз жоқ, мақтаннан аман болмақтық қиын іс. Онан қоғамға келетін залалды ойшыл былайша айтады: «Өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды» (38-сөз).
Сөйтіп, мақтаншақтық – жанға қас, рухани өсуге кедергі кесірлі мінез. Абай атамыз жан-жақты қарастыра отырып, осыны ашықтап береді.
Енді «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін талдауға ауысайық. «Көкіректі керіп, қырт мақтанға ұрынба, оған құл болма!», «Екі сөйлеме, кісілікке ұмтыл!». Жас буынға арналған үш шумақ өлең өзегі – осы идеяға саяды.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Қайратың мен ақылың екі жақтап.
Мақтау сөздің тасасында бір нәрсе бар, ол – қулық. Адамды әуре ету, ақ жолдан айныту – жанашырдың ісі емес. Антұрғандық. Сондықтан көпті күзетпе, есті кісі бол: «Өзіңе сен, қайратың мен ақылыңа сүйен!» дейді Абай.
Үш жыл бұрынғы «Әсемпаз болма әрнеге» (1894) өлеңінде ақын: «Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да қуғанға!», «Мақтанды іздеп, қайғы алма, Мініңді ұрлап жасырып», «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден!» деген болатын. Бұл өсиеттер енді былайша жалғасын табады:
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе!
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Көріп отырмыз, ақын көптің аузын күзетпе, сенгіштікке, құмарпаздыққа (атақ, абұйыр алуға) ұрынба, сағымға (байлық, мәнсап) алданба деп ағалық ақылын айтқан. Сені тығырықтан алып шығар бұла күш бар, ол – тек өзің, бойыңдағы қайратың мен ақылың. Жастардың ой-санасына осыны құяды. Бұл парадигманы шәкірті Ә. Бөкейханов: «Өз күшіне сенген халық қана өмір бәйгесін алады» деп құптап, бекіте түседі.
Енді өлеңнің соңғы үшінші шумағына келер болсақ: «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме», – дей келе, туынды соңын: «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме!», – деп қорытады ойшыл ұстаз.
Көріп отырмыз, адамдық әдеп, мінез жайлы Абай сөзі жүрек арқылы түйінделген. Бұл – заңдылық. Өйткені, осы 1894-1897 жылдары үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) ойшыл ақын шығармашылығында ойып орын алған. Абай үшін жүрек – барша адамгершілік қасиеттер көмбесі. Жылылық, достық, бар қызық – тек жүрек ісі. Бірақ асылдың да асылы, ең қымбаты бар, ол – Құдай барына сенім. Адам болмысы – жан мен тән. Атың адам болсын десең – өзіңді жанға бала, жүрекке билет! Кемелдікке өзге жол жоқ. Міне, Абай: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деуімен осыны жеткізген.
Мақтаншақтық мінезден сақтан, аулақ бол! Бұл Абай поэзиясын көктей өтетін салиқалы идеяның бірі. Мәселен, ақындық қызметінің басы, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз» десе, соңғы өлеңінің бірі – 1901 жылғы «Осы қымыз қазаққа, Мақтаның ба, асың ба?» деп басталатын жырында:
Мақтанға бола жиям деп,
Жылқы үшін жұртқа бас ұрма.
Қымыз, семіз дегенің
Бір мақтан ғой, жасырма.
Мақтан қума, керек қу,
Ойсыздарға қосылма, – деп ақыл-кеңесін тағы бір төгеді. Иә, бес дұшпанның бірі – қырт мақтан. Тағы айтайық, мақтаншақтық мінезге ұрынбайтын жан кемде-кем, әкім де, қара да, бай да, кедей де оның құлы болуы мүмкін. Мұны күнделікті өмірден көріп, білу қиынға соқпайды.
Кілтипан мынада, мақтанның «үлкендік» деген түрі де бар. «Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ, – дейді Абай, – Яғни надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі» (21-сөз).
Міне, бүгінгі қазақ қоғамына керегі – осы айтылған үлкендік мақтан, артықтардың мінезі. Әділетті жоққа шығармайтын мақтанның түрі бұл. Абызымыз Абайдың бұл өсиет сөзінен қайтсек мемлекет құрушы, яғни «титульный ұлт» бола аламыз деген сауалдың жауабын табуға болатын сияқты. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңіне жасалған шағын талдауымыз осымен тәмам.
Реті келген соң айтқан жөн, алғашқы шумақтың соңғы жолы әлі күнге:
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деп басылуда. Бұл – ағаттық. Себебі, «еңбек» сөзі советтік дәуірдің белгісі, санамыздағы «Адамды адам еткен – еңбек» қағидасы – материалистік ілімнің салған таңбасы. Абайдың сөзін бұрмаламай «қайрат» деп жазатын уақыт жетті. Осы пайым дәлеліне екі уәжді келтірейік.
Біріншісі, ислам теоретигі Әбухамит әл-Ғазалидің «Ихйа илм ад-дин» («Дін ілімін тірілту») атты әйгілі шығармасы. Кітапта суфизмнің хәл (жүрек) ілімі бойынша адамның Хақ дидарына жетуі жеті сатылы деп дәйектелген. Әр сатыны «мақам» дейді. Әл-Ғазалиді орысша сөйлеткен В. Наумкин: «Макамы... могут содержать лишь знание (илм), состояние (хәл) и действие (амал)», – дей келе, мақам туралы былайша ой түйеді: «Итак, макам триедин и включает в себя знание, состояние и действие».
Көрдіңіз бе, орыс ғалымы үш қасиеттің бірін «действие» (харекет, қайрат) деп аударған. «Труд» демеген. Хакім Абай болса, «еңбек» тұра тұрсын, діни термин – «амал» («ғамал») сөзінен де бас тартқан. Ғылыми лексикамызға «қайрат» терминін алғаш енгізген. Неге? Абайға керегі –мәнді, ауқымды және жан-жүрекке байланған термин. Мәселен: «Жүректе қайрат болмаса, Ұйқтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, Қайуанша жүріп күнелтпек» дейді. Сөйтіп, Абай ілімінде адамның адам болу кепілі – еңбек емес (құмырсқа немесе бал арасы адам баласын он орап алатын еңбекшіл), сана-сезім, ес-ақыл, жалпы рух мәдениеті.
Екінші уәжіміз, еңбек пен ақыл жұптасқан өлең Абайда жоқ. Ал қайрат пен ақыл бірлігі көп, тіпті бұл екеуі егіз қозыдай ере жүреді. «Жастықтың оты жалындап» өлеңінде ойшыл:
Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын, – десе, әйгілі «Әсемпаз болма әр неге» өлеңінде:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет-шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға, – демей ме.
Сөйтіп, дұрысы – «еңбек» сөзі емес, «қайрат» термині. Қай қырынан да осыған көз жеткіземіз. Еңбек сөзінің «толық адам» таным-түсінігіне қатысы шамалы. Олай болса, әйгілі пәлсапалық үшкіл (қайрат, ақыл, жүрек) бірлігіне сына қағып, жұртшылықты шатастырмайық.
Қорыта айтқанда, Абайдың «Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе!» өсиетінің өзектілігі арта түспесе, кеміген жоқ. Есті ұлт, мықты қазақ боламыз десек, қырт мақтанға салыну мен салпылдап сағым (байлық) қуғанды азайтқан жөн. Үлкендік мақтан десеңіз, әңгіме басқа. Сол үшін тіл, дәстүр және адамгершілік тәрбие күшейтілсін! Ұлт ғылымын жатпай-тұрмай дамыту қолға алынсын! Бұларға, әрине, қайрат пен ақыл арқылы жетпекпіз. Жүрек ше? «Жүректен жылылық, достықпенен, Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы». Өмір сүру формасы социалистік, мейлі, капиталистік болсын, жан мен тән майданы толассыз, ол майдан алаңы – әркімнің жүрегі. Мұны ескермеген елдің болашағы бұлыңғыр болмақшы. Сананы тұрмысқа билету опа бермейді. Абай мен Шәкәрім осылай дейді.
Асан Омаров, абайтанушы