• 18-03-2025

Алматы тұрғындарын әуежай жақтан шыққан түтін алаңдатты (видео)

Желіде Алматы әуежайы маңынан түтін шығып жатқан сәтте түсірілген видео жарияланды. Әуежай өкілдері бұған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бейнежазбаны Telegram-дағы "Мой Алматы" арнасы жариялады. Видео сипаттамасында: "Алматы әуежайының кеден қоймасында бірдеңе өртеніп жатыр", — деп жазылған.

Алайда Алматы әуежайы өкілдері портал тілшісіне әуежай аумағында ешқандай өрт болмағанын хабарлады.

Ал Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы NUR.KZ тілшісінің сауалына Талғар ауданындағы "Береке" саяжай бірлестігінің аумағында өрт шығып, жедел сөндірілгенін мәлім етті.

"17 наурызда сағат 10:44-те Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округінің саяжай бірлестігінде құрғақ шөп жанғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Өртті сөндіру үшін оқиға орнына Өтеген батыр ауылының № 8 өрт сөндіру бекетінің 3 қызметкері мен техникасы жіберілді. Оқиға орнына дейінгі қашықтық 20 шақырым болды. Сондай-ақ Алматы қаласының № 11 өрт сөндіру бекетінен 4 қызметкер мен техника барды.

Оқиға орнына жеткенде 500 шаршы метр аумақта құрғақ шөп жанып жатқаны анықталды.

Сағат 12:18-де өрт сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", — деп хабарлады Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.