
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Мәдениет саласындағы стипендия иегері Меруерт Өтекешова «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Халықтың жадында әйгілі Қыз Жібек рөлімен мәңгі қалған Меруерт Қаратайқызының марапаты Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс өткен 17-сессиясында тапсырылды. Марапаттау рәсіміне өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Меруерт Өтекешова 1951 жылы 25 ақпанда Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Алматы қаласында мектеп бітіріп, сол жылы «Қыз Жібек» фильмінің басты рөлін ойнауға шақырылған. 1973 жылдан күні бүгінге дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етіп келеді.
Облыстық мәслихат депутаттарының алдында сөз алған Меруерт Қаратайқызы құрметті атаққа ұсынған жерлестеріне алғыс айтып, өмірден өткен жары Құман Тастанбековті еске алды.
– Кеше ғана, наурыздың 10-ы күні, Құманның туғанына 80 жыл толды. Баяғыда Құман екеуміз Батыс Қазақстан облысының талай ауылын аралап, талантты балаларды іздеп едік, халықтың көңілін талай көтеріп едік. Құман да Батыс Қазақстанды жақсы көретін. Жол қиындығына қарамай ел аралап, кездесу жасайтын едік. Бізге әсіресе ауылдан ұзай алмайтын үлкен кісілер қатты риза болатын. Мен бүгін қатты толқып тұрмын. Қай жерде жүрсем де Батыс Қазақстандай халқым, туған жерім бар екеніне қуанамын. Халық үшін шаршамай әлі қызмет етіп жүрмін. Халқымның бір кәдесіне әлі жарап жүргенім – мен үшін бақыт, – деді әйгілі киношебері көзіне жас алып тұрып.
Дәл осы күні мемлекеттік қызмет саласында еселі еңбегімен танылған Мирболат Жақыпов пен Табылғали Сапаровқа да «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Батыс Қазақстан облысы