• 16-03-2025

Астана мен республикалық маңызы бар қалаларға бірыңғай дизайн-код енгізіледі 

Республикалық маңызы бар қалада бекітілген дизайн-код сақталуы қажет.

Енді Астаналықтар нақты тұрмайтын адамдарды үйіне тіркесе, айыппұл төлеуі мүмін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қазірдің өзінде бір пәтерге 800 адамды жазған пысықтар бар. Яғни соны кәсіпке айналдырып алған. Алдағы уақытта мұндайға жол берілмейді. Сондай-ақ сыртқы жарнамаларды ретсіз ілу тоқтатылады. Ол қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтірмейтіндей үйлесімді болса ғана рұқсат етіледі. Республикалық маңызы бар қалада бекітілген дизайн-код сақталуы қажет. Мәжілісте тиісті заңнамалық түзетулер мақұлданды.

Пәтерлерге тұрғындарды шектеусіз тіркеу тәжірибесі ірі қалаларда бұрыннан бар. Өйткені ол біреулер үшін кәдімгідей табыс көзі. Оның қанша адамды жазғанын анықтау қиын болатын. Бұл рәсім электронды әдіске көшкен соң мәселенің қаншалықты өзекті екені анық көрінді. Енді мәслихатпен алдағы уақытта бір азаматқа қанша шаршы метр тиесілі екені белгіленеді. Адамды пәтерге тіркеу кезінде сол норматив негізге алынуы керек.

«Бұл ретте тіркеу нормативтері тұрғын үйдің меншік иесінің және жұбайының жақын туыстарына қолданылмайтынын атап өтеміз. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне жауапкершілік күшейтілетін болады», — деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ ғимараттардың сырты да бақылауға алынады. Бұл дегеніміз Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың сыртқы келбеті өзіне сай болуы керек. Яғни бірыңғай дизайн-код енгізіледі. Ол күшіне енген кезде үйлесімсіз әрі ретсіз дайындалған маңдайшаларды ілуге рұқсат етілмейді. Түзетулер аясында ашық кеңістікте аудиожарнама қосуға, сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен велосипед жолы және көшелерге сыртқы жарнамаларды орналастыруға тыйым салынады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет.

«Заң жобасымен жұмыс барысында Үкімет тарапынан келген 27 түзеулер болатын басындағы жобасында. Қазіргі таңда 225-тен асып отыр. Бұл біздің әріптестеріміздің белсенділігі арқасында», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы.

Жиында елордадағы ақылы тұрақтар мәселесі де көтерілді. Ол қалада 2018 жылы іске қосылған. Осы уақытқа дейін табыстың басым бөлігі жекеменшік компанияға кетуде.

«Қазіргі таңда Астана қаласының әкімдігі мен сол компания арасында келісімшартты бұзу туралы қол қойылды. Мүлікті мемлекетке өткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жұмыспен тек мемлекеттік мекеме айналысатын болады», — деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев.

Айта кетейік, меншік мемлекет иелегіне қайтқанымен, ақы алу жалғаса береді.

Сондай-ақ Мәжіліс жаңа Су кодексін қабылдады. Салаға жасалған талдау нәтижелері елдің кейбір аймақтарында судың қара базары қалыптасқанын көрсеткен. Өзгерістерге сәйкес тіршілік нәрін ұрлау мен тиімсіз пайдаланғаны үшін енді қомақты айыппұл салынады. Сонымен қатар заң қазақстандықтарды суды үнемдеуге шақырады.

«Су алғанда оны жартылай жерге ағызып, ысырап ететін әдетіміз бар. Оған қоса кәрізге және көлік жуғанда да ауызсуды қолданамыз. Бақшамызды ауызсумен өсіреміз», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.

БҰҰ мәліметінше, алдағы 25 жылда әлем бойынша 5 миллиардтан астам адам таза ауызсу тапшылығына ұшырауы мүмкін. Осы топтың ішіне кірмеу үшін суға стратегиялық тауар ретінде қарағанымыз жөн.