Оның демі 65 жасқа қараған шағында үзілді.
Жазушы әрі этнограф Болат Бопайұлы дүниеден өтті. Бұл ақпаратты марқұмның жақындары растады.
Болат Бопайұлы 1960 жылы Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағында дүниеге келген. 1986 жылы Іле педагогикалық университетін, 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
"Шыңжаң жастар-өрендер баспасында" редакторлық қызмет атқарған.
"Қазақтың алғыстары мен қарғыстары", "Қазақ ырымдары" атты кітабы қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Этнографтың соңында "Қазақ мінезі", "Қазақ кәдесі", "Қазақы түс жору", "Бастаудан бақиға дейін", "Қазақтың гүл мәдениеті", "Қазақ наурызнамасы", "Қазақ аспан есебі" сияқты оннан астам кітаптары қалды.
"Біліп айтатын, бипаздап сөйлейтін, әдет-ғұрпымызға жетік Бөкең тұла бойы тұнған этнограф болатын. Ол 1960 жылы 1 қаңтарда Қытай елінде Ертістің сағасындағы Көктоғайда туып өскен. Жоғары білім алған соң Шыңжаң өлкесіндегі оқу-ағарту ісіне атсалысты. Алғашқы шығармалары сол жақта жарық көрді. Атамекенге оралған соң этнография саласымен түбегейлі айналысты", – деп жазды қаламгер Марат Байділдаұлы.