• 19-03-2025

Қазақстан мен EDF атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Бүгін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Францияның ең ірі электр энергиясын өндіруші компаниясы және әлемдегі ең ірі атом электр станцияларының операторы – EDF компаниясымен кездесу өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу Қазақстанда АЭС салу үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдауға бағытталған бәсекелестік диалог аясында әлеуетті ядролық технология жеткізушілерінің ұсыныстарын бағалауға арналған келіссөздер сериясының бір бөлігі болды.

EDF компаниясы ең жоғары қауіпсіздік стандарттарына негізделген мол тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанмен ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, бәсекелестік диалог – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сенімді серіктес пен тиімді технологияны таңдаудағы маңызды кезеңдердің бірі.

2025 жылы 18 наурызда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. Агенттік төрағасы болып Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды.