• 21-03-2025

Әлеуметтік жобаларға серпін береді

Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде қоғамдық бірігуді нығайтуға бағыт­талған ұсыныстар мен стратегияларды әзірлеуде маңызды рөл атқарады. Ұлттық құрылтай алаңында азаматтардың әл-ау­қа­тын арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағыт­талған маңыз­ды қоғамдық мәселелер көтеріліп, олардың шешу жолдары ұсы­нылады. Солардың бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту жайы.

Жастар саясаты тұжырымдамасы аясында жас кәсіпкерлер үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беру бастамасы енгізілген. Абай облысында да жастарды экономикалық және қоғамдық өмірге тартуға бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асырыл­ды. 2023 жылы облыс жастары арасынан 226 адам жалпы сомасы 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген микро­несие алды. Несие алғандардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады (167). Сондай-ақ қызмет көрсету (44), сауда (9), жеңіл және ауыр өнеркәсіп (5), агроөнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеу (1) салалары қамтылған.

Өңірде білім алумен де, жұмыс­пен де айналыспайтын жастар (NEET санаты) мәселесі өзекті болып отыр, олардың саны шамамен – 6 029 адам. Бұл мәселені шешу үшін жастарды әлеуметтік және экономикалық белсенділікке тарту тетіктері енгізіліп жатыр. «Zhas project» аясында 8 жас 1 млн теңгеден грант алып, бастамаларын жүзеге асыруға кірісті. Жазғы маусымда 1 004 азамат «Жасыл ел» бағдарламасына қатысып, уақытша жұмыспен қамтылды.

Ұлттық құрылтай жұмысы барысында бизнестің қоғамдық жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Кәсіпкерлерге мектеп, ауру­хана, кітапхана, спорт нысаны және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салуға үндеу жасалды. Мұндай игі бастаманы қолдайтын бизнес өкілдері жоқ емес. Мысалы, Семей қаласында жеке инвестор заманауи жабық аквапарк жобасын әзірлеп жатыр. «KAZ Minerals» компания­сы облыс орталығында жалпы құны 9 млрд теңгеден асатын 1 200 орынға лайықталған жаңа IT-мектеп-лицейін салып, білім саласына айтарлықтай үлес қосты. Бұл бас­тамалар өзге де кәсіпкерлерге үлгі болып, олардың әлеуметтік жоба­ларға атсалысуына серпін береді деп сенеміз.

Ұлттық құрылтай – тек пікірталас алаңы емес, нақты шешімдер қабылдау тетігі. Құрылтай мүшелері мәселелерді көтеріп қана қоймай, шешімдер ұсынып, іске асыруға ықпал етеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Берік Қадыров,

Президент жанындағы ҚСЗИ Абай облысы бойынша өкілі