Талантты мамандардың басын қосып, жасанды интеллект саласындағы инновациялық стартаптарды бірлесіп құруды көздейтін «AI’preneurs» акселерация бағдарламасына өтінім қабылдау басталды.
Аталған бағдарламаға әзірлеушілер, инженерлер, аналитиктер, бизнес-девелоперлер, PR менеджерлер мен маркетологтер, дизайнерлер, сондай-ақ «product», «project» және «sales» менеджерлер қатыса алады. Акселератор қатысушыларға жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытып қана қоймай, өз идеяларын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама оффлайн форматта – Астанада өтеді. Басқа қалалар мен елдерден келген қатысушыларға тұрғын үй беріледі. Оқыту мерзімі үш айды қамтып, салалық сарапшылардың жеке кеңестері мен жобалар бойынша белсенді практикалық жұмыс жүргізіледі. Акселерация бағдарламасы үш негізгі кезеңнен тұрады. Алғашқы үш аптада қатысушылар бір-бірімен танысып, кәсіби дағдыларын көрсетіп, командалар құрады. Екінші кезеңде командалар өз идеяларын сынақтан өткізіп, Инвестициялық комитетке ұсынады. Осы кезеңде бағдарламаның финалына өтетін жобалар анықталады. Ал кейінгі кезеңде командалар стартап-жоба әзірлеуге кіріседі.
«AI’preneurs бағдарламасы бірінші легінің нәтижелері қатысушылардың жоғары қызығушылығын оятты. 250 өтінімнің ішінен 50 маман іріктеліп, 21 команда құрылды. Оның 9-ы акселерацияны сәтті аяқтап, үздік командалар «Seed Money» бағдарламасы аясында қаржыландыруға ие болды. Қатысушылар жобаларын іске қосқаннан кейінгі алғашқы айда жалпы сатылым көлемі 17 мың долларды құрады. Әзірленген стартаптар денсаулық сақтау, білім және бизнес салаларын қамтыды», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Таңат Өскембаев.
Айта кетейік, «Astana Hub» қатысушыларды барлық керек-жарақпен қамтамасыз етеді. Ал үздік командалар стандартты «SAFE» келісімі аясында бастапқы инвестиция алады. Бағдарламаға өтінімдер қалдыру уақыты 1 сәуірге дейін жалғасады.