• 30-03-2025

Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбаевты кім атқызғанын айтып берді

Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген адам Назарбаев емес. Бұл туралы белгілі саясаттанушы әрі Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Sadaq media» арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, Алтынбектің қазасын Нұрсұлтан Назарбаевқа телудің қажеті жоқ. Себебі – нақты дәлел жоқ.

«Кезінде Рысбек Сәрсенбаев ағамыз эмоциямен біраз дүниені айтып жіберді. Әлі де айтып жүр. Бірақ оған дәлел жоқ қой. Ол жерде Назарбаевтың құлағы көрінуі мүмкін. Бірақ әділет деген болуы тиіс қой, жобалап, ымдап болса да дәлелдей алған адам жоқ. Мен өз басым Алтынбектің өлімін Рахат Әлиевке жақындатам. Алтынбекпен жылдап араласқан, әлі күнге дейін сол ортада жүрген біраз азаматпен араласам. Бірақ олардың ешқайсысы да тікелей Назарбаевтан көріп жатқан жоқ. Бұл Рысбектің өзінің ұстанымы, өзінің жеке пікірі. Кезінде Алтынбектің жанында жүрген, қағазын жазып беріп жүрген Рысбек емес, мен болатынмын. Мен оны жақсы білемін», — дейді Айдос Сарым.

Сондай-ақ ол Алтынбек Сәрсенбайұлының кезінде өте кекшіл болғанын айтады. Бірақ уақыт өте келе өзгерген.

«Алтынбек өте кекшіл адам болды. Көп адамды жек көрді. Солардың бірі – Серік Әбдрахманов еді. Екінші бір адам болды. Ол — Балташ Тұрсынбаев болатын. Бірақ уақыт өте келе өзгерді, саналы ғұмырында өзінің жек көретін адамдармен татуласып, солардың деңгейіне түсіп, сөйлескенін көрдім», — дейді депутат.

дереккөз: turkistan.kz

фото: azattyq.org