• 30-03-2025

Қалдықтарды басқару қатаң қадағаланады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалдықтарды басқару мәселесі талқыланды. Жиында Экология , Өнеркәсіп, Энергетика министрлері, Астана және Ұлытау облысының әкімдері саладағы жағдай мен жоспарлар туралы баяндама жасады.

5 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналған

Отырыс барысында Премьер-министр қалдықтардың жиналып қалуы бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің біріне айналғанын атап өтті. Ғылыми зерттеулер қалдықтарды басқару мәселесіне жете көңіл бөлмеудің салдары экологиялық ахуалға, халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететінін көрсетіп отыр.

– Қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға былтыр елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген еді. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. 67 жоба қаралған. Соның 6-ауы ғана 4 млрд теңге көлемінде қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды да­йындау барысында әкімдіктердің тарапынан үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді, – деді О.Бектенов.

Премьер-министр жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бо­йынша белсенді жұмыс қажет еке­нін атап өтті. Өткен жылы өңірлер­де 5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Оның шамамен 26%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Бұған негізінен қағаз бен плас­тик қалдықтарын қайта өңдеу септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар барлық нормативтік база қабылданғанына қарамастан, коммуналдық және басқа да қалдықтарды өртеу жобаларын іске асыру мәселелері созылып кеткені де өзекті мәселеге айналған.

Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері де өз шешімін таппай келе­ді. Жыл сайын отандық кәсіпорындар­да 1 млрд тоннаға жуық қалдық жина­ла­ды. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70–80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алуға тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады.

Тиімді басқару жүйесі керек

Премьер-министр қалдықтарды тиімді басқару үшін айқын жүйе құрып, оны цифрландыруға баса назар аударды. Ол Экология және табиғи ресурс­тар министрлігіне басқа мемлекеттік органдармен бірге 1 қыркүйекке дейін қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Бұл тұжырымдама қалдықтарды басқару үдерісін орталықтандыруға, барлық мүдделі тарапты тартуға және циклдік экономика моделін қалыптастыруға бағытталмақ.

– Дұрыс тәсілдерді қолдану арқылы қалдықтарды жойып қана қоймай, олар өңделіп, қайтадан кәдеге жаратылуға тиіс. Сондықтан да озық елдердің осы саладағы тәжірибесін меңгеру керек. Ал мұндай жобалар бізде баршы­лық. Отандық тау-кен компаниялары қалдықтарды қайта өңдеп, 30-ға жуық өнім түрін шығаратын жобаларды бастады. Олардың ішінде құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар шығаратын әрі басқа да көптеген жобалар бар, – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өнеркәсіп қорымен және әкімдіктермен бірлесе, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын күшейтіп, 3 ай мерзімде бекітілген тізімнің ішінен қаржы бөлінген жобалар санын 5 есеге арттыруы қажет. Өңір әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әрбір жобаға олар іске қосылғанша толық қолдау көрсетуі керек.

Сондай-ақ Премьер-министр Эколо­гия, Энергетика министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобаларын анықтауды тапсырды. Инвесторларды тарту мақсатында сәуір айында аукцион өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту үшін өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарды қолдау шараларын әзірлеу жүктелді. Бұл көмір химиясы, құрылыс материалдары өндірісі және сирек кездесетін металдарды алу салаларында жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік береді. Коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторингтеу және бақылау саласында цифрлық шешімдерді әзірлеу міндеті қойылды.

Жеңілдетілген лицензия енгізілмек

Елімізде 55 млрд тоннаға жуық техногендік-минералдық қалдық жинал­ған, олардың басым бөлігі Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарында шоғырланған. Үкімет бұл мәселеге ерекше назар аударып, шешу жолдарын қарастырып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, елдегі 1 700-ден аса ТМҚ-ның 67%-ы қайта қарауды қажет етеді. Осыған байланысты министрлік техногендік қалдықтарды өңдеуге жеңілдетілген лицензия енгізу мәселесін зерттеуде. Бұл бастама өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуді ынталандырып, экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

– Бүгінде сирек металдар мен сирек жер металдары саласын дамытудың кешенді жоспары аясында жол картасы әзірленіп, инвентаризациялау жұмыс­тары басталды. Осы жұмыстар техногендік-мине­ралдық қалдықтар­ды бағалауға, өңдеуге және экология­лық жобаларға инвестиция тартуға мүм­кіндік береді. Жүзеге асырылып жатқан жобалар экологиялық жағдайды жақсартуға және саланың экономика­лық тиімділігін арттыруға мүмкіндік бере­ді. Техногендік-минералдық қалдық­тар мәселесін шешу және арнайы өндеу орындарына жеткізуге заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр. Бұл әсіресе экологиялық мәселесі бар моноқалаларға өте маңызды. Бүгінде Министрлік техногендік-минералдық қалдықтарды өңдеуге арналған арнайы лицензия ен­гізу мәселесін қарастыруда. Осы ұсыныл­ған шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ өндірісте жаңа шикізат көздерін пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Бізде техногендік-минералдық қалдық­тарды өңдеу деңгейі шамамен 11%-ды құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70–80%-ға жетеді. Қазірдің өзінде мыс, алтын, темір және басқа да шикізатты өндіру кезіндегі қалдықтар қайта өңделіп жатыр. Мысалы, Ұлытау облысындағы Коунрад компаниясы өз кен орнының техногендік қалдықтарын пайдаланып, жылына 12 мың тонна мыс өндіреді – бұл еліміздің бүкіл мыс өнеркәсібінің шамамен 3%-ын құрайды. Кейінгі екі жылда қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жалпы сомасы 48 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылды. Алдағы екі жылда құны 37 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылады. Соны­мен қатар қазір өнеркәсіп қалдық­тарын қайта өңдеуге арналған 330 млрд теңге болатын 25 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бүгінгі күні 133 млрд теңге болатын 8 жоба іске қосылды. Осы жылы 110 млрд теңге болатын 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Айтқандай, қалдықтарды тиімді қайта өңдеу бо­йынша шамамен 317 млрд теңге сомаға жаңа жобалар мақұлданған. Ол еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттырады.

– Осы жоспардың индикаторларын декомпозициялау шеңберінде барлық өңірлерге жоспарлы көрсеткіштер белгіленді. Коммуналдық қалдықтар бойынша, жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна түзіледі, 2024 жылғы қайта өңдеу жоспары 30% болса, нақты өңделгені шамамен – 26%. Еліміздің 20 өңірінен жоспарлы көрсеткішке 7 өңір қол жеткізбеді. Олардың ішінен: Ұлытау, Маңғыстау облыстары және Алматы қаласын ерекше атап өтемін. Біз бұл салада қалыптасқан жағдайды түзетуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселелерді шешумен айналасып жатырмыз, – деп атап өтті Е.Нысанбаев.

Министрдің айтуынша, негізгі себептің бірі – экономикалық тартымдылықтың төменділігі. 2021 жылы жаңа Экологиялық кодексті қабылдаған сәттен бастап әкімдіктер тұрмыстық қалдықтар тарифін қайта қарап, мәслихаттарда бекітуге тиіс болған. Бүгінгі күні еліміздегі 211 аудан мен қаланың 155-інде тарифтер қайта қаралды. Тарифтері қайта қаралмаған аудан мен қалалардың басым бөлігі – Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында.

Осыған байланысты, қолданыстағы тарифтер тиісті қызмет көрсету шығын­дарын өтемейді. Мысалы, Атырау қаласында әкімдік есептеген тариф мөлшері 527 теңге болса, мәслихаттардың халық мүддесін ескере отырып, бекіткені – 379 теңге.

– Бұл мәселені мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік арқылы шешу жоспарлануда. Онда тұрмыстық қалдықтар үшін шекті, яғни экономикалық тартымды тарифті бекіту көзделуде. Жеке серіктес ағымдағы және шекті тарифтің айырмасын утильтөлем есебінен алатын болады. Тиімділікті арттыру мақсатын­да біз шекті тарифтерді бекітуді әкім­дік­тер құзыретіне береміз. Заңнамаға тиіс­ті түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр, – деді министр.

Бұған қоса министрлік мәселені жүйелі шешу мақсатында тұрмыстық қалдықтар тарифін 3 жылда кемінде бір рет қайта қарау кезеңділігі бойынша кодекске түзетулерді әзірледі. Өткен жылдан бастап министрлік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру мақсатында «ЕсoQolday» бағдарламасын қайта іске қосты. Биыл осы төлемдерге 9,2 млрд теңге қарастырылды.

– Мысалы, полимер қалдықтарының жиналған және қайта өңделген әр тоннасы үшін биыл төлемдер сомасы 71 мың теңгеден асады. Бұдан бөлек, біз қалдықтарды қайта өңдеудің меншікті жүйесі бар өндірушілер мен импорттаушыларды утильалым төлеуден босату талаптарын жеңілдеттік, — деп атап өтті Е.Нысанбаев.

Атап айтқанда меншіктегі міндеттеме тек қайта өңдеу жабдықтарына қолда­нылады, ал ғимараттар немесе көлік құрал­дары жалға алынуы немесе аутсорсингке берілуі мүмкін. Сонымен қатар 2031 жылдан бастап қайта өңдеу үлесін қазіргі 30%-дан 40%-ға ұлғайту талабы қарастырылуда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін утильалым есебінен жеңілдетілген қаржыландыру механизмі бекітілді, жылдық 3%-бен 15 жылға және екі жылға дейінгі демалысы бар несиелер көзделген. Министрлік, әкімдіктер ұсынған, құны 316,9 млрд тенгені құрай­тын 67 жобаны мақұлдады, оның ішінде 43 жоба қайта өңдеуге бағытталған.