• 30-03-2025

Қазақстандық академиктер бір ұйымға бірікті

Бүгін , 27 наурызда Алматыда 2003 жылы қоғамдық ұйым ретінде құрылған "Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті.

Жиын барысында көпшілік дауыспен "ҚР ҰҒА" республикалық қоғамдық бірлестігін ұйым Жарғысында көрсетілген барлық талаптарды сақтай отырып ерікті түрде таратуға қатысты тарихи шешім қабылданды. Жалпы жиналысқа қатысқан академиктер елдің ғылыми әлеуетін бір орталыққа шоғырландыруды көздеген азаматтық ұстанымға қолдау білдірді.

Бұл шешім Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қызметіне ұқсас функциялардың қайталануын болдырмай, оны жаңа форматтағы бірегей әрі орнықты ғылыми орталық ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 2023 жылы құрылған болатын. Сол кезден бастап ғылымды тұрақты қаржыландыру қамтамасыз етіліп, академиктерді әділ әрі ашық сайлау ісі жолға қойылды. Академия мемлекеттік мәртебеге ие, қазіргі таңда ол ғылымды стратегиялық тұрғыда дамытуды, басым бағыттарды ғылыми-талдамалық тұрғыда қолдауды, сондай-ақ халықаралық академиялық қауымдастықпен өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп келеді. 2024 жылы қабылданған "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Заңға сәйкес, Академияға Жоғары ғылыми ұйым мәртебесі берілді.

Бұған дейін Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, "ғылымы мықты елдің мемлекеті де қуатты болады. Ғылымсыз ел – құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады".

Салалық министрлік құрылған сәттен бастап Мемлекет басшысы ғылымның экономикаға ықпалын күшейтуді, оны инновациялармен тығыз байланыстыруды, сондай-ақ нақты іс тындыруға бағытталған ғылыми саясатты жолға қоюды тапсырған болатын. 2023 жылы Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және "Ғылым және технологиялық саясат туралы" жаңа Заң қабылданды. Соның арқасында жас ғалымдарды қолдауға, университеттік ғылымды дамытуға, ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға және өңірлердегі ғылыми инфрақұрылымды нығайтуға айрықша көңіл бөлінуде.

Сондықтан қоғамдық бірлестіктің Жалпы жиналысында қабылданған бүгінгі шешім – ғылыми сабақтастықты сақтау, ғылыми қауымдастықтың ауызбірлігін арттыру, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту жолындағы маңызды қадам.