
Абай облысында маңызды әлеуметтік жоба – көру қабілеті нашар және зағип азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған бастама «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін білім алуға, дамуға, қарым-қатынас жасауға қолжетімді кеңістік құруға бағытталған.
Жаңа нысан оқырманға кең ауқымды қызметтер ұсынбақ. Кітапхана қорында Брайль қарпімен жазылған кітаптар, аудиокітаптар, тактильді басылымдар мен ірі қаріппен жазылған кітаптар қамтылады. Сондай-ақ пайдаланушыларға ыңғайлы болу мақсатында компьютерлік ресурстар, экраннан оқу бағдарламалары, интернетке қолжетімділік және бейімделген веб-сайттар ұсынылады.
Кітапхана кеңістігі көпфункционалды аймақ ретінде жобаланған. Онда оқу залдары, кітап клубтарына, дәрістерге, семинарлар мен көрмелерге арналған алаңдар, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтары қарастырылған. Мұның бәрі – оқуға, әлеуметтенуге және тұлғалық дамуға қолайлы орта. Жаңа кітапхана жыл сайын 20 000 адамға дейін қызмет көрсетіп, білім мен оқу ресурстарына қолжетімділікті арттырады.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталып, ғимараттың ішкі әрлеу ғана қалды. Жақын арада кітапхана есігін айқара ашып, әрбір азамат үшін білім мен мәдениет орнына айналады.
Осылайша, «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен қоғамдық инфрақұрылымға барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін инклюзивті стандарттар енгізіліп жатыр. Жаңа кітапхана құрылысы – жай ғана әлеуметтік жоба емес, әрбір жанның физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, білім мен оқу ресурстарына еркін қол жеткізуіне бағытталған маңызды қадам.
Айта кетейік, өткен жылы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Семей қаласында Абай атындағы кітапхана қайта жөндеуден өтіп, сондай-ақ көру қабілеті нашар және зағип жандарға арналған арнайы кітапхана ғимараты қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылды. Бұл бастамалар ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп, кітапханалық кеңістіктердің жайлылығын арттырды.