
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға алғашқы ресми сапарымен келген Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен кездесті .
Тараптар қазақ-армян қатынастарының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары, сондай-ақ биылға арналған жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі қарастырылды. Достық пен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде екіжақты серіктестікті тереңдетуге мән берілді. Тараптар ниетінің іс жүзіндегі көрінісі Арменияның Қарағанды мен Ақтөбедегі құрметті консулдарының кеңселерін ашу болды.
«Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді саяси және сауда-экономикалық серіктесі және қазақ-армян байланыстары еш қиындықсыз, сындарлы көзқараспен дамуда және бір-бірінің мүдделерін ескеруге дайын. Мен екі халықтың игілігі үшін барлық уағдаластықты іске асыру мақсатында ең тығыз өзара іс-қимылға дайын екенімді білдіремін», деді М.Нұртілеу.
Екі елдің бизнес-топтарының іскерлік байланыстарды дамытуға қатысуының маңызы аталып өтті. Бүгінгі таңда Арменияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден аса кәсіпорын, ал Қазақстанда 430-дан аса армян компаниясы тіркелген.
Армения СІМ басшысы өткен жыл біздің мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды кезең болғанын мәлімдеді. Ол жоғары деңгейдегі сапарларға, сондай-ақ көптеген бірлескен іс-шараға толы болғанын атап өтті.
«Бұл әртүрлі саладағы өзара іс-қимылға қажетті серпін берді. Мемлекеттеріміз егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыруға және ұлттық экономикаларды жаңғыртуға ұмтылуда біртұтас екенін байқатты. Мұның бәрі серіктестік қарым-қатынасты кеңейту үшін берік негіз жасайды. Ереван мен Астана халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша жиі сәйкес немесе ұқсас ұстанымдарға ие», деді А.Мирзоян.
Тараптар инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге уағдаласты. Армян экономикасына қазақстандық капитал салымдарының жалпы көлемі 56 млн доллардан асады.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да мазмұнды күн тәртібі аталып өтті. Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен жылы Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтті. Биыл Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндері мәдени алмасудың оң тәжірибесін жалғастырады.