• 31-03-2025

Жамбыл облысындағы ана мен бала өліміне байланысты тергеу басталды

Жамбыл облысында айы-күні жақындаған жүкті әйел перзентханадан тірі шықпады. Қайғылы оқиға Шу қаласындағы көпбейінді ауруханада болған. Марқұмың туыстары дәрігерлер жүкті әйелдің өлімін жасырмақ болып екі күн хабар бермегенін айтады. Толығырақ Zakon.kz ақпаратында.

КТК ақпаратына сүйенсек, марқұмның туыстары қаза болған жақындарының денесін шарқ ұрып іздеп, аурухананың жертөлесінен таптық дейді. Сұмдық жағдайға баланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталды.

Жүктіліктің 30 аптасынан асқанда Әдемі Ешеналиева 5 наурызда қан қысымы көтеріліп Шу ауруханасына жеткізілген. Ал 10 наурызда дәретханада құлап жатқан жерінен дәрігерлер тауып алған көрінеді. 25 жастағы келіншектің өміріне қауіп төніп, жасанды түсік жасап, ЭКО арқылы көтерген тұңғышын алып тастаған деп отыр дәрігерлер. Ал өз өмірі үшін арпалысқан ана 13 күннен бері ес-түзсіз жатып, 22 наурызда көз жұмады.

"Ауруханада жатқан кезде үнемі баласын сұрадым. Қимылдап тұр ма ішіңдегі, ол "қимылдап тұр" деді. 9-ы күні де сұрадым. "Қимылдап тұр" деді. Ол кезде де бала тірі болып тұр ғой. 12- де құлағаннан кейін бала өліп кетіп тұр". Алтынай Ешеналы, марқұмның әпкесі

Жантүршігерлік жағдайға байланысты тергеу басталды. Мән-жайды анықтау үшін жұмыс тобы құрылып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

"Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасында өлім фактісі бойынша жұмыс тобы құрылды. ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті осы жағдай бойынша тексеру жүргізуде". Айжан Терлікбаева, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы

Қазір полиция департаменті ана мен бала өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Медициналық қызметті және фармацевтикалық бақылау комитетіне арнайы хат жолданып, дәрігерлердің үстінен қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр.

Күні кеше жақынын жер қойнына табыcтап қайғыдан қан жұтып отырған отбасы әйелдің мезгілсіз өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Олар жасанды ұрықтандыру арқылы көтерген әйелге ауруханада тиісті күтім жасалмағанын айтып отыр. Ал тағайындалған сараптама мен тексеріс қорытындысы алдағы күндері белгілі болмақ.