• 31-03-2025

"Қазмұнайгазда" МӨЗ-дегі үлестерді жекешелендіру туралы ұсынысқа түсініктеме берілді

Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін жекешелендіру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік сектордың үлесін төмендету есебінен мұнай өңдеу саласында және мұнай өнімдері нарығында бәсекелестікті дамытуға бағытталған. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) мұндай шешімдердің дайындық жұмыстары, атап айтқанда корпоративтік шешім қабылдау, техникалық және экономикалық аспектілер көп уақытты қажет ететінін ескере отырып, бұл мәселені зерттеп жатыр. Мұндай процестер әдетте бірнеше жылға созылады.

ҚМГ елімізде мұнай-газ химиясы саласын жан-жақты дамытып, барлық өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ашық компания екені белгілі. Осыған байланысты алыс және жақын шет елдердің түрлі компаниялары, соның ішінде "Татнефть" ЖАҚ қарастырылып отыр.

ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және "Татнефть" ЖАҚ компаниялары өзара серіктестік қарым-қатынас аясында, соның ішінде жекелеген қондырғылар мен технологиялар бойынша, сондай-ақ "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС-нің мұнай-химия шикізаты базасында құны жоғары өнім шығаруды ұйымдастыру бағытында үнемі тәжірибе алмасады.

Айта кетсек, "Татнефть" ЖАҚ тобына кіретін компаниялар өндірістің операциялық тиімділігі мен құны жоғары мұнай химиясы өнімдерін шығару саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Сонымен қатар "Татнефть" ЖАҚ "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС-нің өндірістік қызметімен тікелей байланысты жаңа мұнай химиясы жобаларына, атап айтқанда терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат (ТФК және ПЭТФ) өндірісіне инвестиция құюға қызығушылық танытты.

Үш мұнай өңдеу зауытының өндірістік көрсеткіштері оң динамиканы көрсетіп отыр. Үш мұнай өңдеу зауыты бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің орташа өнімділігі 2020 жылғы 70%-дан 2024 жылы 74%-ға және 2025 жылдың 1-тоқсанында факт бойынша 76%-ға дейін өсті. Өңдеу тереңдігі 2020 жылғы 85%-дан 2024 жылы 87%-ға, ал 2025 жылы 1-тоқсанында факт бойынша 88,6%-ға дейін ұлғайды.

Жалпы, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында ("CASPI BITUM" БК" ЖШС қоса алғанда) былтыр 17,44 миллион тонна мұнай өңделді. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін 2023 жылмен салыстырғанда жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін 370 мың тоннаға ұлғайту шаралары қабылданды.