• 02-04-2025

Қазақстандағы тоғыз банк жойылады

Digital Business басылымының хабарлауынша, қазір Қазақстанда екінші деңгейлі тоғыз банк таратылу кезеңінде тұр.

Олардың қатарына Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, Asia Credit Bank және Астана банкі кіреді.

Аталған қаржы ұйымдары бойынша өтемақы төлеу мерзімі аяқталған, ал талап етілмеген қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына аударылған. Алайда белгіленген мерзімнен кешігіп қалған, бірақ оған негізді себептері бар салымшылар әлі де өтемақы алуға өтініш бере алады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 40 салымшыға 60 миллион теңгеден астам қаражат өтеген.

Өтемақы мерзімін өткізіп алған салымшылар үшін құрметті себептер:

  • Әскери қызметке шақырылу;
  • Қазақстан аумағынан тыс жерде болу;
  • Мұрагерлік рәсімдеу;
  • Бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  • Сот белгілеген өзге де жағдайлар.

Құқығын растау үшін азаматтар әрбір жағдайды дәлелдейтін құжаттарды ұсынуы керек. Мысалы, әскери борышын өтегендер әскери қызмет туралы құжаттарды, ал шетелде болған азаматтар паспорттағы шекарадан өту белгілерін көрсетуі тиіс.

Таңбалар: банк