• 17-06-2025

Ашуға булыққан күйінде қатарласына пышақ салған жасөспірім темір торға тоғытылды

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қатарласының кеуде қуысына пышақ салып, ауыр жарақат келтірген 17 жасар кәмелетке толмағанға үкім кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, айыпталушы бұл қадамға жәбірленушінің былапыт сөзін көтере алмағандықтан, ашуға булыққан күйде барған.

Сотталушы М. 03.02.2025 жылы сағат 13:00 шамасында кәмелетке толмаған жәбірленуші А.-ның өзіне бағытталған былапыт сөздеріне ашуланып және оның өзін жерге жыққанына қорланып, өзінің үйінің ауласынан пышақ алып шығып, өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екенін және осы зардаптың туындауын қалап, жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында кәмелетке толмаған А.-ның сол кеудесінің қуысына ауыр дене жарақатын салған.

"Сотталушы М. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 106-бабының 2-бөлігінің 11-тармағымен кінәлі деп танылып,6 жылға бас бостандығынан айрылды",- делінген ақпаратта.

Бұған дейін Қызылордада ішімдік ішкен жасөспірім үшін анасының сот алдында жауап бергендігі хабарланған болатын.