Павлодар облысында ірі көлемде мефедрон өндірген күдікті Ресейде ұсталды. Ол бір жыл бойы есірткі зертханасын ұйымдастырумен айналысқан, деп хабарлайды Zakon.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен құқық қорғау органдарының қызметкерлері Ресей Федерациясының Свердлов облысында Қазақстан азаматын ұстады. Ол еліміздің аумағында есірткі зертханасын ұйымдастырған.
"Ұсталған азамат 2024 жылы Павлодар облысының аумағынан жеке үй сатып алып, онда аса ірі көлемде "мефедрон" есірткісін өндірген. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — деп хабарлады облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта прокуратура күдіктіні Қазақстан Республикасына экстрадициялау шараларын жүргізіп жатыр.
Бұл қылмыс 12 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.