2025 жылғы 3 маусымда жасөспірім Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша Талдықорғанда өтіп жатқан сотта айыптаушылар жарыссөзде сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сотталушы Дархан Әскентай қайтыс болған жасөспірімнің отбасына қайғыра көңіл айтты.
"Мен досымды кек алу үшін шақырмадым. Бейнематериалдардан менің ешкімді ұрмағаным, қолымда қару болмағаны анық көрініп тұр. Нұрболды шақырғаныма өкінемін, арты бұлай болады деп ойламадым. Қаржаубай Шерзатқа өтірік айтты. Егер жігіттер келген кезде ол пышақпен қорқытпағанда, мұндай жағдай болмас еді. Қаржаубай Нұрымовты маған тағылған бап бойынша жауапқа тартуды сұраймын". Дархан Әскентай
Өз кезегінде Равиль Сакиев Шерзаттың әжесі Жұмабике Кадировадан ұлы Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкені үшін кешірім сұрады.
"Нұрқанат алғашқы айғақтарында пышақты оған Азаматтың салғанын, артынан оның Нұрқияс екенін айтқан болатын. Нұрқанат екеуміз 2017 жылдан бері таныспыз. Мүмкін ол мені біреумен шатастырған шығар. Мен оның оқ атқанын айтқанымда, ол жауап ретінде пышақты оған мен салды, деп айтамын деді. Бейнеде біз тыныш сөйлесіп жатқанымызды көруге болады. Атыс болғаннан кейін мен ашуланып, Нұрқанатты бірнеше рет тептім. Кешіріңіз. Мен оған пышақ салғанымды жоққа шығарамын". Равиль Сакиев
Нұрбол Тоқтаубаев та қоғамнан кешірім сұрап, болған оқиғаға өкініш білдірді:
"Мен кінәмді ішінара мойындадым, өзімді ақтамаймын. Бірақ мен дүкенге төбелес үшін барған жоқпын. Қол көтермедім, қару ұстамадым. Тек жағдайды анықтап, Дархан мен Шерзаттың арасын татуластыруды қаладым. Төбелес ұйымдастыру ойымда да болған жоқ. Нұрымовты сабырға шақырдым. Мен "Хуторскиймін" деп айтқан жоқпын. Ол өзі пышақ алып шығып, Дарханды қорқытты. Менің кіші інім Азамат та төбелескен жоқ. Нұрқанат бізге оқ атқаннан кейін мен оны тептім, сол үшін кешірім сұраймын. Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғауды сұраймын".
Азамат Тоқтаубаев Шерзатпен болған қайғылы жағдай оған үлкен өмірлік сабақ болғанын айтты. Ол және айыпталушы достары халық жауы емес екенін де атап өтті:
"2024 жылдың 3 қазанында мен үйде ауырып жаттым, дәріханаға бару керек болды. Дәл сол кезде маған Шыңғыс Белғожаев келді. Тек дәрі алу үшін одан дәріханаға барып келуді өтіндім. Кафеге достармен амандасу үшін жолай соқтық. Біз қандай да бір топ құрып, төбелес ұйымдастырмақ болмадық. Ағам қоңырау шалғанда, ол жақта бізді пышақ пен мылтық күтіп тұр деп ойламадым. Жәй ғана ағамның жағдайын білгім келді. Қолымда ешқандай пышақ болмады...Мен пробацияда болдым, бақылауда жүрдім, бұрын сотталғанмын, сондықтан көп нәрсені түсіндім. Жәбірленушілердің жағдайын түсінемін. Өкінемін. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Менің басты қателігім — сол жерде болғаным. Менің отбасым бар, бір жасар балам бар. Қоғамға қауіп төндірмеймін, біз халықтың жауы емеспіз. Әділдік сұраймын". Азамат Тоқтаубаев
Думан Ысқақ өз адвокатының сөзімен келісіп, соттан өзін ақтауды сұрады:
"Қылмыс туралы кеш білдім. Мені ақтауыңызды сұраймын, әділдік іздеймін. Иә, мен айыпталушылардың көбін танимын, бір ауылда тұрамыз, бәріміз бір-бірімізге көмектесіп, тату өмір сүрдік",- деді жасөспірім.
Шыңғыс Белғожаев барлық айыпталушылардың шенеуніктердің балалары емес, қарапайым отбасылардан шыққанын ерекше атап өтті:
"Ол жерге барғаныма, төбелеске араласқаныма өкінемін. Жәбірленуші отбасыдан кешірім сұраймын, болған оқиғаға қатты өкінемін. Біз қылмыстық топ емеспіз, мұндай жағдай болады деп ойламадық. Егер ол жерде мылтық болатынын білсек, бармас едік. Нұрымов менің оған пышақпен жүгіргенімді айтты – бұл жалған. Мен Шерзатты пышақтың сабымен ұрған жоқпын. Видеода сондай әсер қалуы мүмкін. Маған ота жасалған, жұдырығымды түйе алмаймын, сондықтан алақанымның жиегімен ұрған болуым мүмкін. Егер Шерзат Дарханды ұрмаса, Нұрымов пышақпен қорқытпаса, Нұрқанат бізге оқ атпаса – мұндай қайғылы жағдай болмас еді. Бұл өмірде бәріміз уақытша қонақпыз. Осындай қайғылы жағдайға себепкер болғанымыз өкінішті. Думан мүлде жазықсыз біздің қатарымызда отыр. Дидарды мүлдем танымаймын. Біз – депутаттардың, әкімдердің, прокурорлардың балалары емеспіз. Біз – қарапайым отбасылардан шыққан балалармыз. Қаржаубай Нұрымовты ҚР ҚК 293-бабы бойынша жауапқа тартуыңызды сұраймын. 660 миллион теңге моральдық өтемақыны өмір бойы таппаймыз". Шыңғыс Белғожаев
Нұркияс Ілиясов әділ сот үкімін сұрап, Шерзат Полатты ұрмағанын, тек оның ағасына соққы жасағанын айтты:
"Кешірім сұраймын, ешкімге мұндайды тілемеймін. Ол жерге барғаныма өкінемін. Бірінші болып мені Шерзат ұрды, ал оның ағасы оқ атты – егер сол болмаса, біз жай ғана сөйлесетін едік. Дарханды танымаймын, Нұрбол үшін бардық, жағдайды білгіміз келді. Бәрі жылдам болды. Ол бізге екі рет оқ атты, үшінші ретте оқтап жатты, сол кезде бізге атады деп ойлап, қолындағы мылтықты жұлып алып, оны ұрдым. Кешірім сұраймын. Әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын. Мен Шерзатқа қол көтерген жоқпын, тек Нұрқанатты ұрдым".
Дидар Калиахмет көз жасына ерік беріп, отбасынан және Шерзат Полаттың туыстарынан кешірім сұрады:
"Сол күні полицияға қоңырау шалмағаным үшін Шерзаттың туыстарынан кешірім сұраймын. Өз отбасымнан да кешірім сұраймын – халықтың ашуы мен қарғысы үшін. Прокурорлар менің төбелеске қатысқанымды дәлелдей алмады. Мен бірден оқиға орнынан кетіп қалдым".
Абзал Шынасыл өзін кінәсіз санайтынын айтып, егер кінәлі болса, жауапкершіліктен қашпайтынын жеткізді:
"Мен Шерзатты өлтірген жоқпын, егер өлтірсем, бірден мойындайтын едім. Мен жауапкершіліктен қашатын адам емеспін. Жазадан қорықпаймын, қандай да бір әділ жаза болса – көтерем. Бірақ әділеттілікті сұраймын. Қазақ халқынан кешірім сұраймын. Мен туралы бай, беделді дейді, бірақ менің жалғыз қарапайым анам бар. Біз қылмыстық топ емеспіз".
Судья хабарлағандай, сот үкімі 2025 жылғы 5 маусым күні 16:00-де кесіледі.