• 16-06-2025

Қазақстанда мемлекет меншігіне қайтарылған 12,2 млн гектар жердің жартысы игеруге берілген

Мемлекет меншігіне қайтарылған 12,2 млн гектар жердің жартысы игеруге берілген , деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Үкіметтің ресми сайтында хабарлағандай 5 маусымда үкімет үйінде премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өткен.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің (ЖРБК) мәліметінше, 2022-2024 жылдары мемлекеттік меншікке қайтарылған 12,2 млн гектар жердің 5,9 млн гектары қайта бөлінген.

Оның ішінде, елді мекен маңындағы 2 млн гектар жайылым жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілген. Қалған 3,9 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында конкурс арқылы таратылған.

Соңғы үш жылда жергілікті инспекциялардың араласуынан кейін бұрын пайдаланылмай жатқан 3,8 млн гектар жерді бұрынғы жер иелері қайта игере бастаған.

2025 жылы мемлекеттік меншікке қайтарылуы жоспарланған 2 млн гектар ауыл шаруашылығы айналымындағы жердің қазірдің өзінде 979,1 мың гектары қайтарылған.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі ашық бөлу тетіктерін әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған. Негізгі қадамдардың бірі – мәліметтерді цифрландыру және жер телімдерін бөлу бойынша электронды конкурстарға көшу.

"Бүгінге дейін шөл және шөлейт алқаптарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы айналымындағы барлығы 205,5 млн гектар жер цифрландырылды. 2025 жылдың соңына дейін карталар деректерін тиісті координаттық жүйеге жүктеу жоспарланып отыр", — деді Мұрат Теміржанов.

Сонымен қатар жиында белсенді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жер пайдалану құқығын ұзарту және маусымдық шаруашылықтардың қызметін реттеу мәселелері қаралған.