• 15-03-2025

Қазақстанда қанша әйел тұрады

Қазақстанда кейінгі 10 жылда әйелдер саны 15,2%-ға өсті. Әйелдердің 64,4%-ы қалаларда, 35,6%-ы ауылдық жерлерде тұрады, деп хабарлайды Zakon.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Қазақстандағы әйелдер саны – 10 381 377 адам, бұл еліміздегі жалпы халық санының – 51,1%-ы.

Әйелдер саны бойынша өңірлер арасында Алматы алда келеді – 1,2 млн әйел. Екінші орында Түркістан облысы – 1 млн әйел, ал үшінші орында – Астана – 803 мың әйел.

Кейінгі он жылда әйелдер санының ең жоғары өсімі Астанада байқалған – 82,1%. Алматыда қыз-келіншектер саны 37,5%-ға, Маңғыстау облысында 32,5%-ға өскен.

Жас құрамы бойынша әйелдердің 3,3 млн 18 жасқа дейінгі жаста, 18-60 жас аралығындағылардың саны 5,3 млн және 60 жастан асқан әйелдер саны 1,7 млн. Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы – 34,1.

Бүгінгі таңда 4,4 млн әйел әртүрлі салаларда жұмыс істейді, олардың басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында еңбектенеді.