• 13-06-2025

Қазақстандықтардың көп әйел алуға көзқарастары қандай?

Елімізде көп әйел алатындарды қолдайтындар жетерлік .

Қазақстанда заң бойынша көп әйел алуға тыйым салынған. Соған қарамастан, бұл мәселе бірнеше рет талқыланғанымен, оны заңдастыру жөніндегі ұсыныстар мақұлданбады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, исламда көп әйел алу рұқсат етілген, бірақ бұл – міндет емес, белгілі шарттар орындалған жағдайда ғана рұқсат етілетін амал. Ол тек маңызды себептер болғанда, ер адам толық жауапкершілікті мойнына алғанда және барлық әйелдің құқығы тең сақталған жағдайда ғана мүмкін болады.

«Қасиетті Құранның («Ниса» сүресі, 3-аят) негізінде, ер адам төрт әйелге дейін ала алады. Бірақ әрқайсысын теңдей қамтамасыз етуі қажет: баспана, азық-түлік, киім-кешек, уақыт, көңіл бөлу, ізетті және құрметпен қарау. Егер ер адам әділ болатынына сенімді болмаса, онда тек бір әйелмен шектелуі ұсынылады. Исламда көп әйел алу – нәпсі қалау емес, бұл – Жаратушы мен отбасы алдындағы жауапкершілік», – дейді Елбек Тасболатұлы.

Ал көп әйелділікті заңдастыру мәселесі тек дін аясындағы емес, ол мемлекеттің заңымен реттелетін тақырып. Оның айтуынша, ислам адам тұрып жатқан мемлекеттің заңын құрметтеуді үйретеді.

Шариғат бойынша неке қию Қазақстанда бұрыннан бар. Бірақ бұл неке түрі бойынша нақты статистика жоқ. «Демос» қоғамдық бірлестігінің дерегінше, тек 2023 жылдың алғашқы төрт айында Астанадағы бас мешітте 5 мың шариғат некесі қиылған. Алайда бұл неке де, ресми некедегідей, бұзылмайтын одақ болып саналмайды.

Блогер Бағила Ахметова өз подкасттарының бірінде:

«Күйеуді меншіктеп қарауға болмайды. Екінші әйел тек күйеуін жеке меншігіне айналдырған, онымен бөліскісі келмейтін отбасыға ғана келеді», – деді.

Алайда, қазақстандықтардың көпшілігі бұл пікірді қолдаған жоқ. «Қолдаймын» дейтіндер болғанымен, қоғамда көп әйел алуға қарсылық басым.

Құқық қорғаушы әрі журналист Индира Какимова көп әйел алуға үзілді-кесілді қарсы.

«Дәстүр бойынша әйелді қамқорлық үшін алған – мысалы, бауырынан қалған жесір келінді бауырына басу. Ал қазір бұл – ер адамдардың амбициясын қанағаттандыру жолы секілді. Қандай амбиция болса да – материалдық болсын, физиологиялық болсын – бұл әйелдерге жасалған манипуляция деп есептеймін. Күйеуі бар әйел өз жұбайын басқа әйелмен бөліскісі келмейтіні түсінікті. Бірінші және екінші әйел арасында достық қарым-қатынас болады деп ойламаймын. Ал әйелдердің екінші, үшінші, төртінші әйел болуға келісуі – көбінесе қаржылық себеппен байланысты», – дейді ол.

Кейбір сарапшылар мұны азаматтардың әл-ауқатының артуымен байланыстырады.

«Көп әйел алуға рұқсат беретін заң қабылданса, қоғам оны оң қабылдай қоймайды. Қазіргі заманда біздің әйелдер бұл норманы өз құқықтарын шектеу ретінде қабылдайды. Ал біз – гендерлік теңдікті жақтаймыз. Әрине, бес әйел болса – беске мүлік бөлісі, бес ажырасу болады, юристердің жұмысы көбейер еді. Бірақ мен жеке өзім бұл ұсынысқа қарсымын. Біздің мемлекетіміздің зайырлы екенін жоққа шығара алмаймыз», – дейді заңгер Руслан Кибке.

Қоғам қайраткері Гүлнар Умарова:

«Әйел екінші не үшінші әйел болғысы келсе – бұл оның таңдауы. Мен ешкімді сөккім келмейді. Бірақ ер адам екі отбасы арасында жүгіріп жүргенде, балалардың психологиясына кері әсері тиеді. Бірнеше отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ете алғанның өзінде, балалар оны ауыр қабылдайды. Олар ұялады, әкесін айтқысы келмейді. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын – баланың психологиялық жай-күйін ойлау қажет», – деп қорытты.