Шымкент қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі сотталушыға қатысты қызметтік міндеттерін орындау кезінде, кәмелетке толмаған адамды зорлау дерегі бойынша жабық сот отырысында қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сотта анықталғаны:
Сотталушылар Түркістан облыстық "Психикалық денсаулық орталығының" №3 әйелдер бөлімшесінде санитар-бақылаушы ретінде қызметтік міндеттерін атқару барысында 2024 жылы шілде айының ортасында тергеумен нақты анықталмаған күндері 00:00 сағат шамасында, орталықта емделіп жатқан науқастар Б. және сол кезде кәмелетке толмаған өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмайтын Қ.-ны бөлімшенің теледидар көретін бөлмесінде және аулаға шығатын баспалдақтың алаңшасында дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс бірнеше рет зорлаған.
Жаза бойынша тараптардың ұстанымы:
Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленушілер мен олардың өкілдері және адвокаттары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал, сотталушылар қылмыстық әрекеттер дәлелденбеуіне байланысты өздерін ақтауды сұрады.
Соттың шешімі:
Сот, сотталушылардың қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың асырауында жасөспірім балаларының болуын (Дар. – 2 бала, Дуй. – 6 бала) ескерді. Іс бойынша олардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
"Сот, сотталушыларды ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танып, оларды осы баппен педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", — делінген үкімде.
Жәбірленушілер Б. мен Қ.-ның пайдасына әрқайсысына 10 млн. теңгеден моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар, жәбірленуші Б.-ның пайдасына адвокат қызметіне төленген 600 мың теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енбеген.