• 17-03-2025

Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкіміне экология мәселесін шешуді тапсырды

Облыс әкімі президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Нұрымбет Сақтағанов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Әкімнің айтуынша, облыста жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған. Ауыл медицинасын дамыту үшін 18 нысан салынып, алты аурухана күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар бес "Жайлы" мектеп", жеті қарапайым мектеп салынған.

Облыстағы жұмысшыларды қолдау үшін әкімдік "Отбасы банкімен" бірлесіп "Шығыс маманы" арзан ипотекасын іске қосқан.


Оқи отырыңыз: Ұлытау облысының әкімі Тоқаевқа қаза болған кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілгенін айтты


"Өңір тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл соңына дейін орындалады. Бұл бағытта құны 14 миллиард теңге болатын сегіз жоба орындалады. Алдағы екі жылда өңірге кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту, 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салу, сонымен қатар ұзындығы 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр", – деп баяндаған облыс әкімі.

Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды.