
1974 жылы ашылған Қашар кеніші бүгінге дейін 345 млн тоннадан астам темір рудасын берді. Мамандар жер қойнауында әлі 800 млн тоннадай пайдалы қазба барын айтады. 470 метр тереңдікте жатқан батпан байлықты жер бетіне көтеру оңай шаруа емес. Кеніш табанындағы руданы 42 «Hitachi ЕН 4000» арнайы жүктасығыш техникасы сыртқа шығарады. Еңсесі 7, ені 9 метр болатын, бір тиегенде 220 тонна жүкті жоғарыға еркін алып шығатын қуатты техниканың бірін Любовь Бабашева жүргізеді.
Алыпты бағындырған арудың кенішке жұмысқа келуі де кездейсоқ. «Рудный су құбыры» серіктестігінде сусорғыш құрылғының машинисі болып жұмыс істеп жүрген кезінде Любовь қолы бос кезде такси қызметіне шығып, қосымша табыс тауып жүреді. Осындай сәттің бірінде көлігіне отырған жолаушының бірі Қашардағы автокөлік серіктестігінің бастығы Мақсат Қаламбаев болып шығады.
«Көлік жүргізу мәнерім көңілінен шықса керек, Мақсат Нұрғалиұлы кеніште жүргізуші жетпей жатқанын айтып, жұмысқа шақырды. Бір аптадан кейін барып, өтініш жазып, жұмысқа кірдім. Бір жыл «Нива Шевролет» автокөлігімен маркшрейдер, гидротехник мамандарды карьерге тасыдым. Кеніш түбінде жүрген алып техникаларға осы кезден бастап қызыға бастадым. Тау көшіп келе жатқандай болып көрінетін алып техниканың қасында менің «Нивам» шырпының қорабындай ғана болып қалады. Екінші жылы «КамАЗ-33081» көлігіне ауыстым. Одан кейін Рудный корпоративтік университетінде «Hitachi EH-3500», «Hitachi EH-4000» ауыр жүк тасымалдағыштарын басқаруды үйрендім», дейді Любовь.
Теориялық білім алып, арнайы тренажердегі тәжірибеден кейін нұсқаушы маманның бақылауымен екі жарым ай тағылымдамадан өткен қайсар келіншек көптен көздеген мақсатына жетіп, су жаңа «Hitachi ЕН 4000» ауыр техникасының тізгініне отырады.
«Карьер көлігін жүргізу үшін, ең бастысы, техниканың көлемін ескеріп, бұрылыстарда, тар өткелдерде абай болу қажет. Көлік өте үлкен. Әу баста қиын болғанымен, қазір үйреніп алдым. Жерасты жынысы әр түрлі болады. Руданы қоймаға, жартас пен топырақты арнайы үйіндіге апарып төгеміз. Айналаның бәрін кабинада тұрған монитор арқылы анық көріп отырамыз. Монитор қайда баратынымызды, қай экскаватордың жанына барып тоқтайтынымызды да көрсетіп тұрады. Көлікте электрдинамикалық тежеу жүйесі, круиздік бақылау қондырғысы бар. Қауіпсіздік ережелерін сақтай білсең болғаны. Ер адамдармен бірге жұмыс істесең, өзіңе өзің сенімді бола түсесің. Таяуда қатарымызға Радмила есімді тағы бір әйел келіп қосылды», дейді карьер көлігінің жүргізушісі.
Карьер жүргізушісі жұмыстан тыс уақытын үй шаруасына, екі баласына арнайды. Ұлы Әлішер де, қызы Әнел де – оқу озаты. Любовьтың өзі де таяуда кәсіподақ ұйымының «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды.
«Әлішер 13 жаста. Үйдің жанындағы мектепте оқиды. Өткенде ғана ұлымның үй тапсырмасына көмектесіп отырып, екеуіміз «Озаттар отбасы» деген тақырыпта эссе жаздық. Балаларым мені, мен балаларымды мақтан тұтамын», дейді Любовь Бабашева.
Қостанай облысы