• 15-03-2025

"Олардың жалғыз еместігін көрсеткіміз келді". Шерзат Полаттың тәтесі баспаналы болды

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзаттың тәтесі Перизат Нұрымова көптің қолдауының арқасында баспаналы болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сүйінші хабарды әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Дінмұхаммед Қаматай жеткізді.

Бүгін біз ерекше әрі маңызды оқиға туралы бөлісуді жөн көрдік. Шерзаттың бауыры Перизаттың қайғылы жағдайдан кейін отбасы қиын кезеңді бастан өткерді. Қауіпсіздік мәселесі барлығымызды алаңдатты. Осыған байланысты біз оларға қолдау көрсету үшін жаңа үй сатып алдық. Бұл үй тек баспана ғана емес, ол – жаңа өмірдің бастауы. Алты баланың батыр анасы Перизаттың қолдауы болған сіздер. Бұл қадам олар үшін жай ғана баспана емес, болашаққа деген сенім мен жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік береді. Қоғамдық бірліктің маңыздылығын көрсету үшін, осындай жағдайда қолдау көрсету әрқайсымыз үшін маңызды. Біз Перизаттың отбасына қиын сәтте көмек көрсетіп, оларды жалғыз қалдырмайтынымызды білдіргіміз келеді. Соттың әділетті өткенін көріп, бауырларымыз тыныштық табар деп сенеміз. Бұл отбасы енді қуанышты күндерді ғана бастан кешеді деп сенеміз. Бұл бастаманы қолдаған барлық жанашырларға алғыс айтамыз!, деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Перизат Нұрымова да барша жанашыр жандарға ризашылығын білдірді.

"Үлес қосып, бізге көмектескен барша халыққа алғыс айтамын," – деді ол.

Айта кетсек, 2024 жылы 4 қазанда Алматы облысы Талғар ауданында әке-шешесінің көзінше 16 жасар Шерзат Полат қандықол қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізуді сұрап, көшеге шықты. 16 қазанда олардың үйі түгі қалмай өртеніп кетті. Полиция мұның қасақана от қою екенін растады. 9 қазанда Шерзат Полаттың ағасы асулы күйінде табылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұқбатында Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты пікір білдірді. 2025 жылы 27 ақпанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.