• 13-03-2025

Алматы әуежайында адамды кепілге алу: Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік алгоритмдерін қайта қарауға дайын

2025 жылдың 12 наурызында Мәжіліс алаңында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматы әуежайындағы адамды кепілге алу фактісі бойынша қызметтік тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ішкі істер вице-министрі әуежайдың стратегиялық нысан екенін, сол сәтте мұнда адамдардың көп болғанын атап өтті.

"Қару қолдануға байланысты кез келген іс-әрекеттер туралы ақпарат толық тексеріліп, өңделіп, оны залалсыздандыру шаралары қабылдануы керек. Бұл жағдайда біз азаматымыздың ерлігін көріп отырмыз. Полиция алгоритм бойынша жұмыс істеді және біздің полиция қызметкерлерін қудалау мүмкін емес. Қазіргі уақытта ауқымды тергеу жүргізілуде, қылмыстық тергеудің де, қызметтік тергеудің де нәтижелері бойынша әуежайдың барлық қызметтеріне, соның ішінде авиациялық қауіпсіздік қызметіне құқықтық баға, тәртіптік және өзге де заңды жауапкершіліктер беріледі", – деді Санжар Әділов.

Ол 2009 жылы күзет әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметіне жүктелсе, оған дейін қауіпсіздік көлік полициясы бөлімшесіне жүктелгенін еске салды.

"Бұған дейін қабылданған көптеген заңнамалық түзетулерді қарастырамыз. Ал қылмыстық істі тергеудің де, тексерудің де қорытындысы бойынша ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес ұсыныс енгізіліп, қазіргі алгоритмдерді қайта қарау мәселесін көтереміз. Қазір жұмыс топтары құрылды, тексерулер басталды, тексеріс қорытындысы бойынша қандай да бір кемшіліктер болса, оны халыққа жеткіземіз", – деп түйіндеді сөзін Санжар Әділов.

Кепілге алу оқиғасы 2025 жылы 7 наурызда Алматы халықаралық әуежайында рейс алдындағы тексеру аймағында болған. Пышақ ұстаған адамды Мұса Әбдірайым құрусыздандырды. Сот қаулысымен күдікті екі айға қамауға алынды. 2025 жылы 8 наурызда Алматыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мегаполис әуежайының қызметкерін құтқарған қазақстандыққа марапат берілді.