• 14-03-2025

Финляндия президенті күзде Қазақстанға ресми сапармен келмекші

Фин тарапының бастамасымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия Республикасының Президенті Александр Стубб телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылап, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға қос тараптың да бейіл екенін растады.

Екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беру үшін Финляндия президенті биыл қазан айында Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған жоғары деңгейдегі келіссөздердің мазмұнын байытудың маңызына назар аударылды. Оның қорытындысы қазақ-фин серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бірқатар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар орнықты дамуды қамтамасыз ету, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілету мақсатында көпжақты ұйымдар аясындағы күш-жігерді үйлестірудің маңызын атап өтті.