• 16-03-2025

Қазақстанда әлеуметтік желілерді пайдаланудың жас шектеуін енгізу ұсынылды

2025 жылғы 5 наурызда палатаның жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілердің зияны туралы айтып, оларды пайдалануға жас шектеуін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен вице-премьер Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен әлеуметтік желілер бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе екенін айтты.

Амантайуланың айтуынша, әлемге әйгілі психологтар әлеуметтік желілердің жастардың депрессиясын арттыратынын, зейінді шоғырландыру қабілетін төмендететінін, тәуелділікті тудыратынын және адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеген кітаптар жазған.

"Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Оның деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Ал оның 28%-ы барлық бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы – Instagram-ды белсенді пайдаланады. Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді." Жарқынбек Амантайұлы

Ата-аналардың 62%-ы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды.

"4-6 жас аралығындағы балалардың 17 пайызы интернет арқылы сатып алулар жасайды. Бұл ата-аналарға қаржылық шығын келтіріп қана қоймай, бала үшін де қауіп төндіретіні айтпасақ та түсінікті. Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы тым ауыр. Қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді сауықтыруды қолға алды", – деп ойын жеткізді депутат.

Желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келуде. Мысалы, Гонконг Қытай университетінің зерттеулері бойынша, интернетке тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші

2,5 есе жоғары. Депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есе көп болады екен.

Бүгінде әлеуметтік желіні шектеп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады.

Атап айтсақ, Қытайда 2023 жылы кәмелетке толмағандардың мобильді құрылғыларды қолдануын реттейтін заң жобасын ұсынылды. Оған сәйкес, балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфондарды пайдалануға тыйым салынды. Франция үкіметі 15 жасқа дейінгі оқушылар үшін мектептерде телефон пайдалануға тыйым салып, балалардың интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді.

Осындай ондаған мысалды келтіруге болады.

Елдің болашағын, өскелең ұрпақтың қамын ойласақ, онда қазірден бастап нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Яғни, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын заңмен реттеу керек.

Ол үшін:

  • Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ведомствааралық топ құрып, әлеуметтік желілердің өскелең ұрпаққа тигізетін зиянын жан-жақты сараптап, саралап, арнайы заң жобасын әзірлеуі қажет.
  • Әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарды пайдалану бойынша жас шектеулерін енгізу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға гаджеттерді пайдалану уақытын белгілеу бойынша тиісті ұсыныс әзірленуі керек.
  • Ата-аналар үшін балаларының интернет әлеміндегі іс-әрекеттерін, өткізген уақытын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесін құруды ұсынамын.
  • Жасөспірімдер арасында физикалық белсенділікті дамыту – интернетке тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдарын қарастыру қажет.

2025 жылдың 19 ақпанында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстанда TikTok қызметін шектеуді ұсынды. Кейін Білім министрлігі танымал әлеуметтік желідегі шектеулерді қолдауға дайын екендіктерін мәлімдеді.