• 13-03-2025

Брокерді таңдау тәсілі

Қаржы нарығында инвестиция жа­саудың ең алғашқы әрі маңызды қадамы – дұрыс брокер таңдау. Брокердің сенім­ділігі, комиссиялық алымдары, сауда плат­формасының ыңғайлылығы мен рет­теу стандарттары инвестицияңыздың табыс­тылығына тікелей әсер етеді. Жеке ин­весторлар негізі тек комиссия деңгейі­не ғана назар аударуы мүмкін, алайда брокер таңдау кезінде ескерілетін басқа да маңызды факторлар бар.

Брокер – инвестор мен қор нарығы арасындағы делдал. Ол клиент атынан бағалы қағаздарды сатып алады және сату қызметін атқарады. Брокерлер банк, қаржы ұйымдары немесе тәуелсіз компаниялар болуы мүмкін. Әлемде мыңдаған брокерлік компания бар, олардың әрқайсысы әртүрлі қызмет пен мүмкіндік ұсынады.

Брокер таңдарда ең алдымен оның лицензиясы мен реттелетінін тексерген жөн. Отандық брокерлерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайды, ал халықаралық брокерлерді әр елдің қаржы реттеушілері қадағалайды. АҚШ-та – SEC және FINRA, Еуропада – ESMA, Ұлыбританияда – FCA.

Халықаралық брокерлердің көпшілігінің біздің елде жергілікті юрисдикциясы жоқ. Бұл дегеніміз, егер қандай да бір даулы мәселе туындаса, сіз халықаралық брокермен заңды тұрғыда туындаған мәселені тікелей шеше алмайсыз. Оларды Қазақстанның қаржы реттеушілері қадағаламайтындықтан сотқа жүгіну де қиынға соғады. Сондықтан мұндай брокерлермен жұмыс істегенде олардың беделіне, реттеу стандарттарына және клиенттерге көрсететін қызмет сапасына ерекше мән беру керек.

Комиссиялар мен төлемдерге келсек, кейбір брокерлерде комиссия төмен болғанымен, жасырын төлемдер көп болуы мүмкін. Мәселен, шотты жүргізу үшін алынатын ақы, қаражатты қайта шығарар кезіндегі комиссия, ұзақ уақыт сауда жасамағаныңыз немесе шотты толықтырмағаныңыз үшін айыппұл деген секілді. Сондықтан тарифтік шарттарды мұқият оқып шығу маңызды. Брокердің ұсынатын қаржы құралдарының ауқымы да маңызды рөл атқарады. Отандық білікті брокерлер ретінде «Freedom Broker», «Jusan Invest», «Halyk Invest» компания­ларын айтуға болады. Халықаралық бро­кер­лер­дің ішінде «Interactive Brokers», «Exante», «Saxo Bank» сияқты платформалар әлемдік нарықтарға кеңінен жол ашады.

Инвестицияны бірнеше брокер арқылы да жасауға тыйым салынбаған, бұл жағдайда сізде брокерлер арасында әртараптандыру болады. Бірақ халықаралық брокерлерді таңдасаңыз, ондағы шотыңызды толықтыру үшін свифт аударым жасайтыныңызды, яғни қаражат бір күнде шотыңызға түспейтінін, шетелдік аударым үшін валютамен біршама комиссия төлейтініңізді де ескерген жөн. Бұл өз кезегінде халықаралық брокермен жұмыс жасау үшін біршама сомамен бару тиімді екенін көрсетеді.

Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Мысалы, АҚШ брокерлері SIPC арқылы 500 000 долларға дейінгі шоттарды сақтандырады. Біздің елде мұндай кепілдік жүйесі жоқ, сондықтан брокердің қаржылық жағдайын, оның активтерін сақтандыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Сауда платформасының ыңғайлылығы да назардан тыс қалмауға тиіс. Кейбір брокерлердің қосымшалары қарапайым және интуитивті болса, ал кейбірі күрделі кәсіби интерфейс­тер ұсынады. Мысалы, «Freedom Finance»-тің мобильді қосымшасы пайдалануға ыңғайлы, ал «Interactive Brokers»-тің TWS жүйесі кәсіби трейдерлерге арналған.

Брокердің жергілікті кеңсесінің болуы – клиенттер үшін үлкен артықшылық. Кей брокер әр клиентке жеке менеджер тағайындайды. Брокермен немесе оның менеджерімен сөйлескенде: «Менің инвестициялық мақсаттарыма қандай стратегия ұсынар едіңіз?», «Комиссиялар мен қосымша төлемдер қандай?», «Шот ашу және қаражат енгізу/шығару үдерісі қалай жүреді?», «Сіздер қандай қаржы құралдарын ұсынасыздар?» деген сұрақтарды қою қажет.

Комиссия үнемдеудің бірнеше жолы бар. Ең алдымен, комиссиялық шарттары ең тиімді брокерді таңдау керек. Кей брокерлер белсенді трейдерлерге немесе ұзақмерзімді инвесторларға арнайы жеңілдіктер ұсынады. Көп сатып алу-сату жасау комиссия шығынын арттыратындықтан, ұзақмерзімді стратегияларды қарастыру пайдалы болуы мүмкін. Кей брокерлер комиссиясыз сауда жүргізуге мүмкіндік береді, бірақ олардың табыс табу тәсілін түсіну маңызды.

Инвестиция – тек қаржы емес, соны­мен қатар білім мен стратегияның үйлесімі.