• 13-03-2025

Әйелдердің ақшаны қайда және қандай мақсатпен сақтайтыны белгілі болды

Мамандар зерттеу нәтижесі қазақстандық әйелдердің қаржылық сауаты артып келе жатқанын көрсетеді дейді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен Маркетинг және социологиялық зерттеулер институты сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Qazaqstan.tv арнасының хабарлауынша, оған 18 бен 65 жас аралығындағы 1980 әйел қатысқан.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, әйелдер қауымының 34%-ы жиған-тергенін банкте сақтайды екен. Салымшылардың 81 пайызы теңгемен депозит ашса, қалғаны шетел валютасын таңдаған.

Сауалнамаға қатысқан 30 жасқа дейінгі қыздардың 14 пайызы баспана алу үшін, 17 пайызы қаржылық қор үшін, 5 пайызы бизнес ашу үшін ақша жинайтынын айтқан.

Ал 30 жастан асқан әйелдердің 12 пайызы үй сатып алуды жоспарласа, 16 пайызы қаржылық қиындықтардың алдын алу мақсатында жинайтынын көрсеткен.

Ал мүлде банкке ақша салмайтын әйелдердің 12 пайызы қаржысын бизнеске, жылжымайтын мүлікке, бағалы қағаздарға және бағалы металдарға инвестициялаған.

Зерттеуге қатысқандардың көбі отбасылы және жоғары білімі немесе ғылыми дәрежесі бар әйелдер. Олар сауда, қызмет көрсету, бизнес және өндіріс, сондай-ақ өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.

Мамандар зерттеу нәтижесі қазақстандық әйелдердің қаржылық сауаты артып келе жатқанын көрсетеді дейді.