• 13-03-2025

"Екі ағасы 6 жыл бойы зорлаған": Жамбыл облысында 13 жастағы қыз босанды

Республикада отбасын қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр.

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балалар туралы айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Жақында Жамбыл облысына барып, 13 жасында босанған қызды көрдім. 6 жыл бойы оны екі ағатайы зорлап келген. Түркістан облысында 13 пен 15 жас аралығында босанған 16 кәмелетке толмаған қыз балалар тұратын орталықта болдым. Олардың барлығы да ағаларының, ағатайларының және де басқа туыстарының тарапынан зардап шеккен. Көбі оларға қарсы қылмыс жасалып жатқанын түсінбеген. Олар барлық бала бүкіл отбасында осылай өмір сүреді деп ойлады», — деді омбудсмен Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

Оның сөзінше, әлемдік тәжірибеде зорлық-зомбылықтың алдын алудың әртүрлі тәсілдері қолданылады. Десек те, барлық профилактикалық шаралар отбасымен жұмыс, балалардың өзін-өзі қорғауы, ақпараттандыру, тиісті инфрақұрылымның болуы, құқықтық базаны нығайту секілді маңызды тетіктерден тұрады.

Динара Зәкиева ел бойынша 112 отбасын қолдау орталығы ашылғанын айтты. Тағы 109 ауданда осындай орталықтарды құру жұмыстары жалғасып жатыр.