
2024 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі Кеден одағының "Лифттердің қауіпсіздігі " техникалық регламентіне (КО ТР 011/2011) өзгерістер енгізді. Жаңартылған талаптарға сәйкес, бұл регламент күшіне енгенге дейін пайдалануға берілген және 25 жылдан астам қызмет еткен лифттер 2025 жылы міндетті түрде ауыстыруға жатады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметінен.
ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына сәйкес, лифт кондоминиум нысанының ортақ мүлкінің бір бөлігі болып табылады. Оны ауыстыру туралы шешімді пәтер иелері жалпы жиналыста көпшілік дауыспен — жалпы санның кемінде 51%-ы қабылдайды.
Лифт жабдықтарын жаңарту және тұрғын үй қорын сақтау мақсатында қаржылай қолдау шаралары қарастырылған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 246 бұйрығымен бекітілген кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күрделі жөндеу қағидалары аясында өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 7 жылға 0,1% мөлшерлемемен бюджеттік несиелер беріледі. Бұл қаражат көппәтерлі тұрғын үйлерді, соның ішінде лифт жабдықтарын жөндеу мен ауыстыруға жұмсалады, ал пәтер иелері қаражатты 7-15 жыл ішінде қайтаруы тиіс.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанның тұрғын үй қорында 34 811 лифт бар. Олардың 4 877-і 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді және ауыстыруды қажет етеді. Техникалық қызмет көрсету аясында 3 271 лифт күрделі жөндеуді қажет етеді.
2019 жылдан бері жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 728 лифт ауыстырылды. Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында лифт жабдықтарын жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Тұрғын үй иелері мен ПИК өкілдерін жиналыстарға белсенді қатысуға және белгіленген мерзімде лифт жабдықтарын ауыстыру туралы шешім қабылдауға шақырамыз.