Цифрлық даму министрлігінің Digital Bridge жобасының аясында қазақ тілді ІТ-стартаптарға грант берілмекші . Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы ведомство басшылығымен осындай келісімге келгенін айтады.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
-Бұған дейін Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Digital Bridge деген үлкен іс-шара өтті. Сол шараның бір сессиясын қазақ тілі мен жасанды зерде тақырыбына арнадық. Ол кездегі министр Бағдат Мусин – «Қазақ тілі» қоғамы Орталық кеңесінің мүшесі. Қазір қызметі ауысқанмен уәдесі бар. Министрліктің қазіргі басшылығы да қарсы емес. Біз бұл жерде дәнекер болып, министрлік ұсынып отырған гранттардың ішіне бір тақырып ретінде қазақша стартаптарды қосқымыз келеді. Гранттық бағдарлама бар, жаңадан ойлап табудың қажеті жоқ. Тек ережесін енгізіп, қазақ тілді жобаларды бөлек байқауда сынауымыз керек. Былтыр қырық шақты жобаның шаруасымен жүріп, уақыт бөле алмаған едік. Биыл осы мәселеге қайтып келеміз, — дейді Рауан Кенжеханұлы.
Сондай-ақ, ол Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қолында қазақ тілін құрылыс, коммуналдық шаруашылық, жер қойнауын пайдалану, өнеркәсіп сияқты салалардың тілі етуге лайықты жобасы бар адамдарға қолдау көрсететін мүмкіндік бар екенін айтады.
-Көрсетілетін қолдаудың көлемі мен мөлшері ұсынатын жобасының ауқымына байланысты. Бүкіл шаруаны ысырып қойып, тек қана осымен айналысамын десе, жобасының мерзімі мен құнын нақты айтса, жолын бірге табамыз. Өйткені демеушілік дегенде, өз қалтамыздан суырып алып бере салмаймыз. Құрылыс саласын қазақша сөйлетемін десе, құрылыс компанияларының басшыларымен сөйлесеміз. Министр де уәдесін берді. Біздің қызметіміз дәнекерлік жасап, кепіл болу деп санаймыз. Сапасына күш салып, қадағалауды өз мойнымызға аламыз. Құрылысқа ғана емес, кез келген салаға осындай ұстаныммен қараймыз, — деді қоғамның президенті.