• 14-03-2025

Тоқаев ҚҚС көтеру туралы: Бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасын халыққа түсінікті тілмен жеткізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ол қосымша құн салығына қатысты қоғамдағы пікірлер мен реформадағы оңтайлы тәсілдерге тоқталды.

"Енді бірқатар мәселеге арнайы тоқталып өткім келеді. Ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірімді айтайын. Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді", – деді президент.

Ары қарай мемлекет басшысы еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керектігін атап өтті.

"Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, президент қосымша қүн салығына қатысты қоғам арасындағы сын-пікірлерге тоқталды. Реформадағы жаңа тәсілдерде негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілгенін атап өтті.

"Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде", – деді ол.

Ары қарай Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаларға инвестиция салу жалғасатынын айтты.

"Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс", – деп қосты президент.