• 14-03-2025

Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысы биыл аяқталады

Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының құрылысы аяқталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтай жиынында айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қолданған жөн. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады". Қасым-Жомарт Тоқаев

Сонымен бірге биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ.

"Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды. "Қуатты аймақтар – қуатты ел" ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі". Қасым-Жомарт Тоқаев