
Мемлекет отандық өндірушіні қолдауға әрдайым басымдық беріп келеді. Салығын тұрақты төлеп, табысын еселеп отырған жергілікті компанияның бірі – «VIP Service 17» ЖШС өнімдерін нарыққа ұялмай шығаруға, күмәнданбай сатып алуға болады.
Шымкент қаласында орналасқан кәсіпорын бір жыл ішінде 180 мың орындық, 10 млн тіс щеткасын, 6 млн иіс сабын, 3 млн ұстара өндіріпті. 1 млрд 200 млн теңге инвестиция құйылған кәсіпорынның жабдықтары түгелдей жаңа әрі заманауи.
Кәсіпорын іске қосылған сәттен бастап бірқатар маңызды шара жүзеге асырылды. Өндірістік жабдықтар толықтай орнатылып, айналымға түскенше еркін жетерлік шикізат сатып алынды. Шикізатты толық дерлік Қытай елінен әкеледі. Жаңа зауыт болған соң, қызметкерлерді арнайы дайындықтан өткеріп, қайта оқыту тиянақталды. Әр өнімнің тартымды болуын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушы талабына сай ұнамды әрі қолайлы өнім дизайны әзірленді.
«Зауыттың орнын сатып алып, құрылысын толық бітіргенше өзімнің 800 млн теңгеден аса қаражатым жұмсалды. Төрт цехтың жабдықтарын әкеліп орнатуға 500 млн теңге қарастырылды. Оның 170 млн теңгесін өз жанымыздан құйып, қалған 330 млн теңгені «Даму қоры» өтеді. Қазір кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы – 200 мың теңге», дейді кәсіпорын директоры Данияр Әбдікәрім.
Тауардың басы – «Ариана» сабыны. Ол – уақыт сынағынан өткен, көптеген тұтынушының сенімі мен мойындауына ие болған өнім. Таңдалған ингредиенттер, заманауи өндіріс технологиялары және алма мен құлпынайдың нәзік хош иісі жұмсақ әрі тиімді тазартады.
«Сабын құрамында натрий стеараты, пропиленгликоль, натрий лауретсульфаты, натрий лаураты, глицерин, натрий хлориді, динатрий, хош иістендіргіш композициясы, натрий лауретсульфосукцинаты, динатрий ЭДТА, титаний диоксиді, акрил сополимері мен ментол бар. Салмағы 100 грамм сабын кесегі ұзақ уақыт пайдалануға жеткілікті. «Ариана Алма» иіс сабыны жұмсақ әрі жеңіл көбік түзіп, жағымды хош иісімен тазалық пен сергектік сезімін сыйлайды», дейді техник Азамат Әбдірасылов.
Ал мұндағы орындықтар поликарбонаттан жасалған. Мөлдір, түссіз орындықтарды үй жағдайында да, коммерциялық мақсатта да қолдануға болады. Нәзік әрленген еденді қорғау мақсатында орындық аяқтары арнайы ұштықтармен жабдықталған. Су өткізбейді және сіңірмейді, сондай-ақ сарғайып, түрі бұзылмайды. Оңайлықпен сына қоймайды», деді екінші техник Мамырбек Тұрсын.
Оның сөзінше, орындық толық жиналған күйде жеткізіледі. Жинауға ыңғайлы әрі ультракүлгін сәуледен қорғалған.
Маман «Dalida» тіс щеткасының да ерекшелігіне тоқталды. Мысалы, орташа қаттылықтағы қылшықтар тіс бетіндегі дақтарды 84%-ға дейін жоятын көрінеді. Ал нейлон қылшықтары бүкіл пайдалану мерзімінде өз түсін сақтайды.
Кәсіпорын басшылығының алдағы уақытқа жоспары ауқымды. Тек оңтүстік өңірмен ғана шектеліп қалмай, өнімін еліміздің барлық аймағына таратуға құлықты. Көп ұзамай көрші елдердің нарығына шығуды да көздеп жүр. Бұған өнім сапасы мен зауыт әлеуеті кепіл.