• 31-03-2025

Қайран қасиетті әжелер-ай...(Эссе)

Қазақ ортасында әжелер бесігі академиясының қасиеті ерекше еді-ау. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін де емес. Сол әжелердің қаттылау, бірақ жып-жылы алақандарының қызуы біздің ойдан да кетпес. Көзден де жоғалмас. Көңіліміз бен жанымызда ізі қалды ғой. Сол аялы алақан мейірімі бізбен бірге о дүниеге кете барар-ау. Алдыңғы ұрпақ та көшеді, кейінгі ұрпақ та, соларды қуалай көшіп кетіп жатады. Өткенді еске алып, әулетіміздің көне фотоальбомын немерелерімен қосылып ақтару әдетке айналғалы қашан. Бүгінде сол фотоальбомнан, әжемнің суретін көріп ойға баттым. Немерелер бір бөлек абыр-сабыр қозғалыста. Мен тіпті бөлек, телегей тарихқа теңселе түсіп жүре бергенімді аңғармай да қалдым.

Есіме жазда, аулада болған бір көрініс түсе кетті.

Астанаға мәскеулік досым Олег Пак келген. Сол екеу­міз аула ішінде кеңес құрып жүргенбіз. Мектептен орал­ған кішкене немерем Едіге маған қарай жүгіріп келе жат­қанда, мен де құшағымды ашып қарсы алуға дайын тұр­мын. Ал Едіге болса менің жанымнан зу етіп өтті де, әже­сі Баянның құшағына енді де кетті дейсің. Неме­рем­нің қылығын көрген Олег таң-тамаша қалып, мәз болып тұр еді.

Қазақ ортасындағы құдіреті күшті көнекөз әжелердің қадір-қасиетіне ешнәрсе тең келмейтініне тағы да көзім жетті. Мен таңғалып тұрып қалыппын. Көңілде қызғаныш та оянып қоя берген. Өз-өзімді әзер тоқтаттым. Есі бар адам ақиқатқа қарсы ұмтылмас. Мен Олег досыма қосылып күліп жібердім.

Едіге әжесін құшақтап сәл тұрды да, үйге беттеді. Әже мен немере өз әлеміне енді ғана еніп бара жатқан.

Есіме тағы да сонау өткен кезеңдерде ұмыт қалған балалық шақ түсті. Ауылда өскен балалар үшін ананың орны бір бөлек, ал әже қамалы ерекше берік биіктік бо­латын. Үйге келген қонақтар балалардан «Кімнің баласысың?» деп сұрайтын. Бұл бүлік шығаратын сұ­рақ еді. «Әжемнің баласымын» деуші едік. Бұл аталы жауап болатын. Салт десек дәлірек болар. Әжеміздің ал­дында анамыздың атын атамаушы едік. Есейе келе апа­лайтын болдық. Әлі есімде, менің әкем анасын «же­ңе­ше» дейтін. Бұл да қазақы, бұзылмайтын, берік салт еді ғой.

Әжем Айбибі Жұмалықызын жақын­дары, туғандары Әйіш деп еркелетіп атап кеткен болатұғын. Әжем 1893 жылы дүниеге келіп, қызығы да, шыжығы да мол тіршілікте сексен алты жыл ғұмыр кешті.

О, құдіреті күшті, көнекөз әжелер әле­мі­нің сымбаты да, сыры да ерен еді-ау! Сол қасиетті әжелер тәрбиесінің бесігі мәңгілік белгі беріп, жанып тұрсын. Өрбісін, өс­сін, жоғалмасын. Қазақ тіріде, алып дала тіріде, әже мен немере салт-дәстүрі өл­ме­сін. Өшпесін. Қазақтың тіршілік аясында мәңгі рухани белгі болып қала берсін.

Әкем ата-анадан жалғыз ұл еді. Содан ба, әкем мен анам әжемді мәпелеп, ерекше сыйлап бақты. Әжемнің айтқан тілегі серттей берік болатын. Айтқан сөзі жерде қалмай, орындалатын.

Үйге келген қонақтар әкем мен анам­ның жақын, тату-тәтті достары үйдің табал­дырығын аттап басқаннан әуелі әжем­мен амандасып, хал-жағдайын сұра­са­тын. Кең отырып кеңес құратын. Оған не жетсін.

Әжемнің оңаша бөлмесі ұядай жылы, жарқын болушы еді. Үлкен кең төсегі, мамық жастықтары көздің жауын алып жайнап тұратын. Сол жастықтарда аунақшып балалар рахаттанатын. Керемет кездер еді-ау. Сол бөлмеде дәу сандық тұратын. Сандықтың кілті әжемде болатын.

Ол сандықта не жоқ дейсің? Жарқ-жұрқ еткен күміс алқалар, әсем білезіктер, келісті белбеулер, қазақы киімдер, балалар сүйетін тәтті кәмпиттер толып тұрушы еді. Қонақтарға сол сандықтан небір сыйлы дүниелерді өз қолымен тәбәрік қып таратып отыратын.

Әжем мол пішілген денелі адам еді. Бетінде шешек ауруынан қалған іздер көрінетін. Бірақ сол іздер ажарын еш бұзбайтын. Қартаң тартса да белін бүкпей, тік жүрді. Өзі қайратты, ал сөзі өткір еді. Тамақты талғап ішетін. Негізгі асы түйе­нің шұбаты болды. Сонан да әжемді арнайы күтетін анам қысы-жазы түйе сауып,­ шұбат дайындайтын. Әжем мен анам сыйластықты, татулықты, құрметті биік ұстады. Ел оларға таңдана қараудан бір танған емес. Әйел сыйластығы ерекше өнеге ғой. Әжем күн жылынғанда есік алдына аппақ жібек кимешегі мен кең көгілдір көйлегін киіп шыға келгенде, орталарына толықша салтанатты сұлу келгендей болып көрінуші еді-ау.

О, Алла Тағала, мен сол кездері әжемді осы ауылдың ең сұлу әйеліне теңеуші едім.

Небір сиқыр қасиеттер біздің аулада жүріп жататын. Соның бәрінің иесі әжем болушы еді.

Атамыз Ақшолақты апам Жұмагүл де, ағам Серікбай да, мен де көрмедік. Атам 1943 жылы сұрапыл соғыс кезінде өмірден озған. Өмірден өткенінше соғыстағы әскери ұшқыш жалғыз ұлын күтуден бір талмапты.

Атамның бейіті өздері өмір бойы мекендеген Көксу жайлауында тұр. Атам қара жұмыс істемеген адам. Елге ақындығымен танылған, ақындар айтысынан қалмаған, өзі таза, тақуа адам болған деседі. Атамның өмір бойы жазған өлеңдерін, осы бізге жеткізген де Әйіш әжем. 1922 жылы жалғыз ұлы дүниеге келгенде атамның жазған өлеңін осы арада беруді жөн көрдім.

Сағынтып қырық бесте Қуан туды,

Көңілімнің сүйген сайын кірін жуды.

Жал-жая жесем қанағат етпеуші едім,

Қыламын ішсем қорек қара суды.

Сағынтып Алла берді Қуанжанды,

Сүйгесін еміреніп мейірім қанды.

Шарана жаңа туған болса-дағы,

Азамат көрінеді маған санды.

Құдайым екеумізге өмір берсе,

Келгенде бұл 15-ке, мен 60-қа,

Тапсырсам бақыт етіп, мал мен жанды.

Алдымен әкесі өліп, бала қалса,

Болар еді дүниенің бәрі сәнді.

Әжем де өлеңге құмар болатын. Небір келісті өлеңдерді лып еткізіп айтып-ақ тас­тайтын. Атамның өлеңдерін, әжем жатқа айтушы еді. Магнитофонға әжем айтқан атамның өлеңдерін жазып алғаным бар. Бүгін сол өлеңдер әулетіміздің ең үлкен, құнды дүниесі болып сақталып қалды.

Елуінші жылдардың аяғында біз Қызыл Ту ұжымшарына көштік. Әкем ұжымшардың бастығы, апам мұғалім. Ауылымызда бастауыш мектеп болды. Мен бірінші сыныпта оқимын. Жұмагүл Шалқарда, туыстардың қолында тұрып оқыды. Серік­бай бас­тауыш мектепті бітіріп, көрші ауылдағы мектеп-интернаттың бесінші сыныбына ауысқан.

Әлі есімде, демалыс сайын әжем киім-кешек, тамақ алып, артынып-тартынып, көрші ауылға түйемен Серікбайға баратын. Ал біз, балалар, түйені жетектеп шығарып салатын едік-ау. Түйе боздайды. Балалар шуылдап айғайлайтынбыз.

Балалары үшін жаны егілген қайран әжемнің жүрегі-ай, десейші.

Әкем: «Біз көбіне Шалқар қаласының жанындағы Қайыр ауылында тұрдық. Ол жер анам туыстарының мекені еді, сонан да туыстар мені еркелетіп, еркін өсірді. Қайыр ауылы теміржол торабының қай­нап жататын қазаны еді-ау.

Сол жерде үлкен Қайыр карьері бол­ған. Жеңешем де сонда істеді. Жұмыс ауыр болғанымен, теміржол халыққа аз болса да табыс көзі еді.

Әйгілі 1930 жылдар қазақтың есінен кетпес. Ол кезде мен он жастамын. Қолда мал жоқ. Әкем қара жұмысқа жарамайды. Ақындық өнерін жария етуге қорқады. Түрмеге жауып тастауы мүмкін. Еріксіз үйде отырады. Бір таңғалатыным, әкем ерте тұрып, далада аштықтан өліп жатқан адамдардың өлігін жиып, жерлеп жататын. Өлген адамдарды жерлеу тірілердің міндеті деп санайды. Құдайға сенетін адал адам еді, несін айтасың? Көрмеген, танымаған адамдарды сүйекші болып қара жерге тәндерін тапсыру неткен ерлік. Таңғаламын», деп есіне алатын.

Тағы бір айта кететін жайт, кезінде теміржол салуға зор еңбегі сіңген, ел қайраткері, белгілі би – Мырзағұл Шыман­ұлы атамыз, көзі ашық, көкірегі ояу адам болған, ол қазақ теміржолын салуға жанын салыпты. Мырзағұл атамыздың: «Уақыт келе көздерің жетеді, үрім-бұтақтарың осы теміржолдың қызығын көреді», деген аталы сөзі ел есінде әлі бар.

Мырзағұл Шыманұлы 1878 жылы қазақ зиялыларының депутация құра­мында Санкт-Петербург пен Мәскеуге барып, екінші Александр патшаның қабыл­дауында болған. 1901–1905 жылдары Орынбор – Ташкент теміржолын салуға да қатысқан (ф.ғ.д. Ж.Асанұлының жазбаларынан алынған дерек).

Атамның Мырзағұл ағасына арнаған өлеңінен:

Көкекем сәлем айтыпты-ай

Атын бір білген Алашқа.

Өсиетін айтып жаздырды-ау,

Орыс пен қазақ дініне

ДУМ сайлаған таласта

Көкекемнің көшесін,

Ғұламалар табады-ау

Зор кітаптан қараса.

Шынында да уақыт бәрін орнына қойды. Сан салалы теміржол торабындағы елді мекендер өркендеді. Қазақ теміржолшылары көбейді. Шалқарымыз қалаға айналды. Ондағы теміржол вокзалының алдына Мырзағұл Шыманұлының ескерткіші қойылды.

пр

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ер адамдар соғысқа аттанды, елдегі ауыртпалықтың бәрі әйелдерге жүктелді. Әжем өте қай­ратты адам болатын. Атам науқасқа ұшы­рап, үйдегі ауыр жұмыстар түгелімен әжемнің мойнына түсті. Осынша тауқы­метті көтере жүріп, ұжымшардың сиыр ферма­сында сауыншы болып істеді. Сол кез­дегі атақты «Стахановшы» атағына ие бол­ды. Әжемнің осы бір қайсарлығы мен табан­дылығы, соғыста ерлік көрсетуден таймай жүрген әкеме де жұғысты болса керек деп ойлаймын.

Екінші дүниежүзілік соғыстың мұра­ғат­­тарын тексеру кезін­де №1746 далалық пошта­дан Ж.Ай­мұратовтың редакторлы­ғы­мен шығып тұрған №68 әс­кери бөлімінің «Отан үшін» («За родину») газетінде қызыл жауынгер Ақшолақов Қуан­дықтың анасы Айбибінің (Әйіш) ба­ла­сына жолдаған және бала­сы­ның анасына жолдаған хат­та­ры 1943 жылғы қаңтардың №9 және №12 басылымдарында жа­рия­ланған. (т.ғ.к. Т.Төлепбергени, 2001).

Төменде сол хаттарды беруді жөн санадым.

Ананың хаты

«Құлыным Қуандық!

Сені өз қолымнан Қызыл Армия қатарына аттандыр­ға­ныма көп уақыт болды.

Түн ұйқымды төрт бөліп, ақ сүтіммен асырағанда мен сенен даңқты ер болуды, қасарған жерден қан алатындай болуды күткенмін. Міне, осыны орындайтын уақыт жетті. Менің ақ сүтім әлі сенің мойныңда, оны ақтауға міндеттісің де. Солай болса аңсаған Анаң үшін, Отан үшін бар күшіңді, қолыңдағы берік қаруды немістерге қарсы жұмса.

Мен қазір 53 жастамын. Қызыл Армияға деген қамқорлық маған жастардай жаңадан қайраттануды керек етті. Қазір сен туып-өскен «Сүттікөл» колхозының сиыр фермасында сауыншы болып, Стахановша жұмыс істеймін. Күнделікті нормамды кемінде 300 проценттен орындап келемін. Қызыл Армияға көптеген май өндіріп бердім. Менің Кызыл Армия үшін, сен үшін осы еңбегімді де есіңе ал. Жауды жайрат.

Жеңіспен қайт. Қош қалқам.

Анаң Әйіш Қожбанова».

15 қаңтар, 1943 ж.

Жалынды жастың хаты

«Ана, Сізге жалынды жас жүректен сағынышты жауын­герлік сәлемімді жолдап, амандасуға оң қолымды ұсынамын.

Сіздің жазған хатыңызды алдым. Мен қазір қас жауымыз неміс-фашистеріне аяусыз соққы беріп, айбынды Қызыл Армияның қатарында, майданда жүрмін.

Ана, Сіздің хатыңыз ой-пікірімді өрлетіп, денеме жаңа – күш-қуат енгізіп, жауға деген мейрімсіздігімді бұрынғыдан да үдете түсті.

Ана, мені әскерге өзіңіз аттандырғанда жауынгер едім ғой. Қазір айбынды Қызыл Армияның саналы командирінің бірі болдым.

Неміс-фашистерімен бірнеше ұрыстарда аяусыз соққы беріп, оларды шыбындай қырғаным үшін, командование мені үкімет наградына ұсынды. Аңсаған ана тілегіңізді екі етпей, Сіз үшін, Отан үшін, қазақ халқы үшін фашистерге соққыны бұрынғыдан да аяусыз беріп, Сіздің шаттық өміріңізге қол созып, аранын ашқан арамза жау, неміс-фашистерін туған жерден қуып, жеңіспен ауылға қайтам.

Балаңыз Қуандық».

21 қаңтар, 1943 ж.

Қызыл әскер Қ.Ақшолақовтың және анасының жазған бұл хаттары 101-дербес бригаданың Х.Бекішов басқаратын 1-атқыштар батальонындағы комсомолецтер арасында талқыланып, комсомолецтер Ақшолақов Қуандықтың майдандағы көрсеткен ерліктеріне сүйсіне отырып, Шалқар аудандық комсомолдар ұйымына хат жазып, аудан комсомолецтерін тылдағы жұмыстарында жерлесі Ақшолақовша еңбек етуге шақырды (Х.Бекішов, Батальон алға, 1985).

101-атқыштар бригадасының батальон командирі Хакім Бекішев өзінің «Батальон, алға!» атты кітабында осы оқиғалар туралы жазған. Кітаптан үзінді: «Мишукова деревнясының жанында болған шайқаста біздің пулеметшілеріміздің оғынан жау әскері шегініп, кейін қашқан фашистердің бәрі түгелімен жойылды. Оны көріп тұрған бригада командирі Яковенко:

– Ауыр пулеметпен жауды талқандаған жауынгерлер кімдер, білесің бе? – деп сұрады.

Біз солай қарай жылжыдық.

Бір уақытта, Мишуковада орналасқан жаудың минометшілері біздің пулеметті байқап қалып, оны нысанаға алып атқылай бастады. Осы кезде пулемет взводының командирі Қимаш Бердіқожин ауыр жараланып, тылға кетуге мәжбүр болады. Одан кейін пулемет оқтаушы Қуандық Ақшолақов та ауыр жараланады. Пуле­мет жанында жалғыз қалған Қонысбай Тышқанбаев немістерге тоқтаусыз оқ жаудырып, соңына дейін шайқасады.

Ерлікпен шайқасқан пулеметші­лер – Қ.Бердіқожин, Қ.Ақшолақов, Қ.Тышқанбаев есімдері сол сәтте-ақ бүкіл майдан жауынгерлерінің аузында жүрді», деп жазған батальон командирі.

Әкемнің 21 жасында алған алғашқы марапаты – «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалі еді.

Әжем қартайғанына қарамастан, намазын үзбей оқып, оразасын да тастамай ұстаушы еді. Кейде біз де әжеммен бірге сәресі ішуге тырысатынбыз. Балалық шақтың қимас қызығы таусылған ба?

Әжем аузын көбіне сүтке езілген тарымен ашатын. Сол дәм әлі күнге дейін есімнен кетпейді.

Жасы үлкейіп, тізелері мазалай бас­таған шақта бір-екі рет:

– Серік, сен мені мешітке апарып келші, – деп өтініш білдірді.

– Әже, намазды үйде де оқуға болады ғой, – дегенім есімде. Әжем маған ұзақтау қарап қалды да:

– Бүгін пітір садақа беретін күн. Мен сендер үшін, сендердің отбасыларыңның болашағы үшін зекет қыламын, – деп жауап берді.

Қайран әже! Ойы да, тілегі де, тек үрім-бұтағының амандығы, болашағының жарқын болашағы екен деп сүйсіне ойлайтыным бар.

Әжем ұлының ер жетіп, елге белгілі азамат болғанын көрді. «Қуандықтың анасы» деген атқа мәз болушы еді. Немерелерін бауырына басып өсірді. Қарттарға тән мінезімен әжеміз де немерелерінің отау тігіп, үй болуын армандайтын. Уақыт өте келе әжем бұл арманына да жетті.

1966 жылы ағам Серікбай мен Мең­зипа жеңгем отау құрды.

1974 жылы Баян екеуміз үйлендік. Дәу сандықтың ішіндегі сыйлықтар тойдың шашуына шашылды. Әжем өзін ең бақытты адам сезінді. Жүрегінің кеңдігі жер шарындай асыл әжем-ай. Қайран әже, қасиетті ана! Бұдан өзге не теңеу табасың? Таба алмайсың.

Қартайған шағында шөберелерінің қуанышын көрді. Әлі есімде, көз жанары нашарлаған соң шөберелерін қасына шақырып, әрқайсысының жүзіне ұзақ қарап, ойланып отырып:

– Иә, бұл бала бізге ұқсаған екен, – деп отыратын. Бұл сөзі келіндеріне берген ең үлкен марапаты сияқты еді.

Әжемнің ғұмыры қаншама қиындыққа толы болса да – ашаршылықтың да, соғыстың да зардабын көрсе де, ол нағыз батыр әже бақытты жан еді. Әжем шөбересі Бибігүлді алдына алып, қазақтың ескі өлең­деріне оның атын қосып айтып отыратын. Ол өлеңдердің сөзі де, әуені де ерекше келуші еді. Көбінесе шөбересі Айгүлді өзіне жақын тартып, ерекше еркелететін. «Айгүлдің жүзіне қарасам, енемнің ажарын көремін» дейтін. Ол немере-шөберелерінен біздің тұқымымызға тән бір ұқсастық іздеп, әрқайсысын бауырына тартып отыратын.

Әжем өмірден озар алдында әкем мен анам бәрімізді елге жинап, ақырғы сәтіне дейін немере-шөберелері қасында болдық.

Шалқар қаласы біреуге шалғайда жатқан шағын елді мекен болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз үшін Шалқар – бір ғалам ордасы, туған жердің тұмары, жүрегімізге жақын қасиетті мекен. Біздің қара шаңырақ бұрында кең де еңселі жер үй сияқты еді, қазір қарасам, кішкене-кішкене төрт бөлмелі шағын баспана болып көрінеді. Бірақ бұл шаңырақ – біздің жанымызға ең қымбат, қасиетті мекен. Әкем бұл үйді әжем үшін арнайы салған сияқты. Осы қара шаңыраққа қонақтар да, туған-туыстар да жиі келеді, кейде арнайы қонып та қалады.

Әжеміз дүниеден өткен соң, бұл үй әжемнің рухын сақтап қалған берік қамалдай көрінеді.

Бүгін, біз, Айбибі әжеміздің жалға­сымыз. Біздің Талғат пен Гүлшат өмірге тамаша қыз немере әкелгенде, мен анамнан осы шарананың есіміне әжемнің атын беруге рұқсат сұрадым. Бұл мен үшін тек есім ғана емес, әжемнің асыл рухын, даналығын, мейірімін келер ұрпаққа жалғастыру еді. Әжемнің есімі қайта жаңғырды. Міне, бүгінде менің Айбибім – студент. Кейде оның мінез-құлқынан әжемнің қасиеттерін байқаймын. Бұл ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі емес пе? Өмір жалғасып, ата-баба рухы кейінгі буынға осылай дарып келеді.

Әжеміз, біз үшін, Әулие ана болып кеткелі қашан!..

Біз Шалқарға барған сайын, досым, бір жағынан, әжемнің інісінің баласы Қуанышбаймен бірге әжеміздің бейітінің басына барып, Құран бағыштап, бас иеміз!..

Қайран әжем-ай. Жаныңыз жәннатта болсын, әулие әже-жан.

* * *

Үйге асығыс еніп бара жатқан Баян мен Едігеге қарап тұрып, қазақтың әже мен немере құрметі, сыйы, өшпес махаббаты мәңгі екенін анық сезінгендей болдым.

Баян аман болсын деп тебірендім.

Едіге аман болсын деп толғандым.

Өзімді ойлағам жоқ.

Алладан, қазақ ортасындағы құді­реті күшті көнекөз әжелер академия­сының қасиеті мен қадірі жоғалып кетпеуін тіледім!

Әумин!

Серік Ақшолақов,

нейрохирург, Қазақстанның Еңбек Ері