• 31-03-2025

Түркі халықтарына ортақ алаң

Бүгінде түркі халықтарының бай мәдени-тарихи мұрасын сақтау мен тарату мақсатында ортақ цифрлық кітапхана құру ісі қарқынды жүргізіліп жатыр. Ел тарихына қатысты XII-XVIII ғасырлардағы 160 мыңнан аса қолжазба Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығында, Ұлттық кітапханада, Орталық ғылыми кітапханада, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорларында жинақталған.

Соның ішінде Ұлттық орталықтың қорында 6 мыңнан аса материал сақталса, Орталық ғылыми кітапхана мен Әдебиет және өнер институтында 3 600-ден аса қолжазба бар.

Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеп, насихаттау мақсатында Жол картасы әзірленіп, оны Мәдениет және ақпарат министрлігі Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі, Сыртқы істер министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісіп бекіт­кен еді. Бұл құжат түркі халық­тары­ның жазба мәдениетін сақтап, олардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Аталған бағдарлама аясында елдегі сирек қорлардың бірыңғай реестрі құрылып, кітапханалар, музейлер, жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда сақтал­ған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың тізімі жасал­ды. Сондай-ақ түркі халық­тары­ның ортақ жазуын зерттеу мен оның негізінде қорытынды жасау үшін салалық жұмыс тобы құрылды. Бұл топқа тиісті ми­нистр­л­іктермен қатар, Ғылым коми­тетінің Философия, саясаттану және дінтану институты, Ұлт­тық академиялық кітапхана және Ұлттық архив мамандары енді.

Түркі мемлекет­терінің цифр­лық кітапханасын қалып­­тас­тыруда Ұлттық электронды кі­тапхананың www.kazneb.kz плат­формасы маңызды рөл ат­қарады. Қазіргі уақытта бұл платформада «Түркітілдес елдердің кітапханасы» жобасы сәтті жүзеге асырылып келе­ді. Жобаға А.Османов атын­дағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы, Саха Респуб­ликасының Ұлттық кітапхана­сы (Якутия), Әзербайжан Ұлттық кітапханасы, Молдова Республикасының АТБ Гагауз атындағы облыстық кітапханасы, Башқұртстан мен Татарстанның ұлттық кітапханалары, сондай-ақ Өзбек әдебиеті порталы серік­тес­тік етіп отыр. Барлық серік­тес ұйым­мен ынтымақтастық жөнін­де меморандум жасалып, кітаптар мен цифрлық жинақтармен алмасу басталған.

Атап айтсақ, 2023–2024 жылдары Жол картасы аясында Өзбек­стан Республикасының Орталық Азияны зерттеу халықаралық институтынан 122 электронды көшірме, Түрік тарихы мен мәдениеті қорынан (TÜRKTAV) 138 электронды көшірме алынды. Сондай-ақ Түрік­менстан Ғылым академиясы Мақ­ты­м­құлы атындағы Тіл, әде­биет және ұлттық қолжазба­лар институтымен ынтымақтас­тық туралы меморандум жасал­ған. Бүгінде 550 құжат автомат­тан­дырылған ақпараттық кітапхана­лық жүйеге енгізілсе, Анкарадағы «Türktav» қорынан алынған 25 мың­ға жуық құжат www.kazneb.kz платформасына жүктеліп жатыр.

Түркітілдес елдердің цифр­лық кітапханасы – мәдени мұраны сақтаудағы маңызды жоба. Оның аясында қолжазба мұраларының тізімі жасалып, көне түркі, шағатай, араб (қадым, жәдит, төте) жазуларындағы сирек кітаптар мен материалдар қазақ тіліне аударылып, цифрландыру жұмыстары атқарылып жатыр. Жоба аясында автоматтандырылған жүйеге құжаттарды енгізу бойынша сарапшылардың қатысуымен арнайы модуль әзірленді.

Цифрлық кітапхананың ашық ресурстарға айналуы түркі халықтарының мәдениетаралық байланысын нығайтып, ор­тақ құндылықтарды сақтау мен насихаттауға ықпал етері сөзсіз. Бұл жоба – мәдени интеграция­ның бірегей үлгісі бола отырып, түркі халықтарының бола­шақ ұрпақтарына рухани мұраны жеткізудің басты құралына айналады.