
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай кезекті кеңейтілген отырыс өтті. Достық үйінде ұйымдастырылған басқосуда ұйымның жетістіктері, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы рөлі туралы ой қозғалып , биыл ұйымдастырылатын іс-шараларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Отырысқа ҚХА төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, ҚХА төрағасының орынбасарлары Лугмар Буларов, Юрий Шин, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.
– 30 жыл – аз ғана уақыт емес. Ассамблея алғаш құрылған сәттен бастап, негізгі міндеттері айқындалып, қоғамдағы этносаралық келісім мен бірлікті қалыптастыруда, одан әрі нығайтуда, әртүрлі этнос өкілдерінің мүдделерін қорғап, олардың төл мәдени құндылықтарының сақталуына өзіндік үлес қосып келеді. Сондықтан мерейлі датаны тойлауда жай ғана мерекелік жиындар сарыны емес, айрықша мән-маңызға ие іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері алғашқы кезеңін аяқтадық десек болады, яғни қаңтар, ақпан және наурыз айының бір бөлігін, яғни 3 мыңға жуығын біз ақпараттық-түсіндіру сипатындағы іс-шараларға арнадық. Түрлі тақырыптағы материалдар жарияланды. Ал жалпы, үш айда барлық жобаның қорытындысы бойынша 15 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылыпты. Атқарылған жұмыстар үшін мен кеңес мүшелеріне ерекше алғысымды білдіремін. Бұл жұмыстарды әрі қарай да белсенді, жүйелі жалғастыруымыз керек, – деді М.Әзілханов.
Кеңесте Л.Буларов пен Ю.Шин де ҚХА-ның қоғамдық орынбасарлары ретінде атқарған жұмыстарына есеп берді. Ал Е.Кочетов Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмаларын Мәдениет және ақпарат министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың орындауы туралы баяндады.
– Жалпы, ҚХА төрағасына 23 тапсырма берілді, олардың 17-і – орталық мемлекеттік органдарға, алтауы жергілікті атқарушы органдарға жүктелді. Аталған тапсырмалардың ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне 12 тапсырма берілген. Барлық тапсырма мерзімінде орындалды. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін министрлік мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық белсенділікті дамыту және этносаралық диалогті қолдау бағытында кешенді шараларды жүзеге асырды. Орталық және жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық институттармен бірлесіп, ҚХА-ның 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. 400 ауқымды іс-шара, 5 мың әлеуметтік маңызы бар жоба, имидждік бастамалар бар. Жоспар бойынша 1,5 млн-нан аса адамды қамту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта ассамблеяның 13 арнайы жобасы, 34 жол картасы жүзеге асырылып жатыр, – деді Е.Кочетов.
Сондай-ақ бес әлеуметтік кеселмен күрес – нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасындағы және қоғамдағы зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық турасында 6 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп, тақырыптық акциялар да ұйымдастырылыпты. Патриотизм, мәдениетке деген сүйіспеншілікті насихаттау, жалпыұлттық бірлікті және келісімді нығайтуға ықпал ету мақсатында еліміздің театрларында отандық авторлардың шығармалары бойынша 1 744 спектакль қойылған.
Бұған қоса Қазақстанның 20 өңірінде ассамблеяның хатшылығымен бірлесіп, ҚХА-мен өзара әрекеттесетін депутаттық топтар құрылды. ҚХА қоғамдық құрылымдарының мәдени бірлестіктері жетекшілерінің орынбасарлары ретінде жастарды кандидатурасы қаралған. Нәтижесінде, төрағалардың орынбасарлары ретінде 14 республикалық және 243 өңірлік этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары тағайындалды.
Бүгінде республика көлемінде 32 Достық үйі жұмыс істейді. Олар жергілікті тұрғындар үшін комьюнити-орталық ретінде өз қызметінің аясын кеңейтті. Осылайша, Достық үйлерінде 2 700-ден аса іс-шара өткізіліп, оған шамамен 300 мың адам қатысқан.
Жиын соңында кеңес мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының және ҚХА кеңесінің жаңартылған құрамын қарастырып, ҚХА Аналар кеңесінің Үлгілік ережесін бекітті.