
Адам – күлетін де, күлкі шақыра алатын да бірден-бір жаратылыс. Ал күлкінің әзіл, мысқыл, әжуа, кекесін, оспақ, қағытпа, сықақ, қалжың, келеке, келемеж, мазақ, мұқату секілді толып жатқан реңктері бар. Бұлардың бәрі де күлкінің түрлері болғанымен, барлығы бірдей синоним сөздер емес. Теоретик-ғалым Т.Қожакеевше айтсақ, «Сатира, юморды әзіл-қалжыңмен, анекдотпен шатастырмау керек. Сатира, юмор – фактіні көре алатын, оны жинақтап, типтендіре білетін, болмыс-құбылыстардың әлеуметтік мәнін көркем де бейнелі тілмен ашып, суреттеп беретін әдебиет саласы». Сондықтан сатираның бәрі күлкілі болғанымен, күлкі шақырғанның бәрі сатира емес.
Адамның ойламаған жерден шалбары түсіп кетсе, айналадағылар күліп жіберуі мүмкін. Алайда мұнда тұрған нағыз комизм жоқ. Ал мажарстандық «Неке кегі» фильмінде олақ тігіншінің өз-өзіне тіккен шалбары сыпырылып түскенде, күлкі әлеуметтік мазмұн мен комедиялық сипат алады. Жалпы, сатирада адамның кемшілігін көрсетіп, сықақтың шоғына қақтаудың жолы сан алуан. Сатиралық шығармаларда адам бойындағы кемшіліктер оның ой-ниетінен де, сөзінен де, ісінен де, тіпті есімінен де көрініп отырады. Иә, сатиралық кейіпкердің аты мен затының сай болуы – шығармадағы көркемдік дәлдік пен юморлық эффектіні күшейтетін басты тетік. Ауыз әдебиетіндегі Қожанасыр, Алдаркөсе, Қарабай, Қодар немесе Б.Майлиннің Мырқымбайы мен Ә.Нұрпейісовтің Судыр Ахметі сияқты халықтың ұғым-түсінігіне етене кірігіп кеткен кейіпкерлер – сөзіміздің дәлелі. Бұл есімдер өмірдегі кейбір адамдарды теңей қоятындай, сілтеме жасайтындай жинақтық дәрежеге көтерілген. Көркем әдебиетте кейіпкердің аты кездейсоқ таңдалмайды. Әсіресе сатиралық шығармаларда бұл заңдылық өте маңызды. Жазушы кейіпкердің есімі арқылы оның мінезін, қоғамдық орнын, рухани деңгейін, кейде тіпті күлкілі жағдайға түсетін тағдырын астарлы түрде аңғартып отырады. Әдебиетіміздегі C.Адамбековтің Аюбайы, Ш.Смаханұлының Елпекбайы мен Шимайбегі, О.Әубәкіровтің Бөден, Пәштуан, Көди-Сөдиі, М.Рәштің Суылдағы мен Мұржамұрыны, Ғ.Қабышұлының «Дұғай Шұғайышы», К.Әмірбектің Нәпиі мен Тайпағы, Т.Әлімбектің Тымпиы, М.Шерімнің Мыжбан-Тыжбан сияқты кейіпкерлері қыршаңқы теңеулермен шебер қашалып, кесек образдар дәрежесіне дейін көтерілген. Мұндай есімдер – жай ғана кейіпкер аты емес, автор тарапынан берілген астарлы баға, көркем мінездеме. Ғалым Ә.Қабылов «Сатира поэтикасы» атты еңбегінде сатиралық шығармаларда кейіпкер есімдерінің өзі олардың іс-әрекетіне сай келіп, оның астарында күлкі туғызатын қасиет болуы керектігін және осы қағиданың қисыны Оспанхан шығармаларынан айқын көрінетінін ашып айтады. «Оспанхан әңгімелерінде кейіпкер аттары олардың адами табиғаты мен болмыс-бітімінен хабар беріп тұрады. Монша меңгерушісін Тырдай Жалаңашов деп атағаны сияқты, үй арасына өсек тасып, зыр қаққан жеңгейді Зымзия, ешкімнің көңіліне қарап, ағайыншылық жасап, баласын оқуға түсірмеймін деп уәде етіп, енді ағасының «ішіп-жеп» қойғаны үшін амалсыздан антынан айнуға мәжбүр болған институт оқытушысын Қымғуыт, оның жебір ағасын Бошалақ, жолай кездескен бейтаныс кісіні бауыр етем деп үйіне әкеп қонақ қылып, кеткен соң оны кінәлап, хат арқылы ақыл қосқан қалжыңбасты Қошқыл, оның айтқанына еріп жүре беріп, мазағына айналған уайымсыз жігітті Айдаубай, араға жыл салып, елуге толдым деп туған ауылына келіп, «жылу» жинағыш «атақты жерлесті» Дегіш Титықбаев т.с.с. атауы сатиралық кейіпкерлер атының әңгіме мазмұнымен байланысты алынатынын, яғни форма мен мазмұн бірлігін көрсетсе керек». Иә, Әубәкіровтің Әусек, Ықтимал, Әкпішу, Анау-Мынау, Салпаң, Қарпық сынды кейіпкерлері осал жандар емес, есімдері ерсілеу, іс-әрекеттері оғаш, күлкілі бола тұра, сонысымен оқырманын ойландырып, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа тәрбиелеп отырады. Оспанханның «Емен есік» өлеңіндегі кейіпкерлердің тегі де олардың қандай адам екенінен хабар береді.
«Мен көрдім мыс тұтқалы емен есік,
Жазу бар шекесінде «Елемесов».
Мынадан соң сен емес, мен кірем деп,
Алдында талай жан жүр ерегесіп…»
Осылайша, кабинетке кіру мүмкін болмай, кейіпкерді кездестірудің сәті түспейді. Араға уақыт салып, қайта айналып бір келгенде емен есіктің жазуы өзгеріп кетіпті:
«…Бір келсем, сол баяғы емен есік,
Бұл күнде шекесінде: «Бөгемесов».
Апырай, өсті ме екен, өшті ме екен,
Бет жүзін бір көрмеген Елемесов».
Бір қызығы, өлеңде Елемесовтің де, Бөгемесовтің де бет-бейнесі, мінез-құлқы сипатталмаған. Бірақ оқырман олардың қандай адам екенін тегінен-ақ тап басып таниды. Өзінен төменгі адамдарды елемейтін, көзге ілмейтін бастықтың тірлігі, оның орнына жайғасқан Бөгемесовтің іс-әрекеті өз тегімен кекесінді мағынада үйлесім тапқан.
Енді бірде «Мөрбасар» атты өлеңінде ақын тамыр-таныстық пен қызмет бабын асыра пайдаланатын, бақай есеп пен бас пайдаға келгенде алдына жан салмайтын жандардың сатиралық бейнесін тікенді тілмен аяусыз әшкерелейді. Шығармада екі кейіпкердің өзара диалогі арқылы бірнеше жағдайдағы жалған анықтама беру фактілері ашылады. Осы арқылы автор қоғамдағы парақорлық, жемқорлық, жалғандық сияқты келеңсіз құбылыстарды сын садағына алады.
«Әй, Мөрбасар, Мөрбасар,
Баса беріп мөріңді,
Қазып жүрме көріңді»,
– деп уытты тілмен ушықтыра тұншықтырады. Оспанхан осы әдісті балаларға арнаған өлеңдерінде де сәтті қолданған. Мұны сатирик Еркін Жаппас «Қымсынбашы, қылықтым» еңбегінде ашып айтады: «Кекіл қойды Керімбек», «Былдырбек», «Бытпылдық», т.б мазақтамалары, сықақтары көзге онша елене бермейтін титімдей ғана кемшілік, мінді тілге тиек ету арқылы балаларды жамандық атаулыдан жиіркендіре безіндіреді. «Бектенбек», «Әшекей қыз», «Мәмбеттің қулығы», «Шолжаң» сияқты көптеген өлеңдері сөзді ойнатып, бүлдіршіндерге тән характер жасай білгендігімен құнды», дейді Е.Жаппас.
Осы орайда сатирадағы есімдер жүйесіне қатысты бір қызық құбылысты айта кеткен жөн. Академик Рымғали Нұрғали «Драма өнері» атты еңбегінде Бейімбеттің «Талтаңбайдың тәртібі» пьесасындағы негізгі қаһармандардың есімі мінезінен, әлеуметтік ортасынан хабар беріп, оларға деген автор көзқарасын білдіретінін айтады. «Шапшаңбай, Сүндет, Парыз, Жанбол, Ақсүйрік, Жақсылық... Талтаңбаев. Көп бүліктің мұрындығы болатын кейіпкердің аты да айтылмайды, фамилиясы жетіп жатыр – Талтаңбаев. Түскен жерін ойып жіберер тас секілді», дейді Р.Нұрғали. Яғни сатирадағы кейіпкердің аты-жөні оның мінез-құлқына, іс-әрекетіне толық сай келсе күлкі шақырады.
Енді бір қызығы, сатирадағы кейіпкердің есім-сойы оның бітім-болмысына қарама-қайшы болған жағдайда да көмейді күлкі қысады. «Жаман иттің атын Бөрібасар қойған» секілді. Мұны Оспанхан Әубәкіровтің балаларға арнаған өлеңдерінен анық аңғарамыз. «Керім бала Керімбек» деген өлеңінде автор басты кейіпкерді былайша сипаттайды: «Кір-кір болып кеңірдек, Керіледі Керімбек. Кір-кір болса кеңірдек, Қалай керім көрінбек?». Енді Оспанханның мысалдарынан да мысқылдап дәм таталық. «Уа, Шошекем, Қолыңыз бос екен, Жайлауға жүріңіз», деп басталатын «Қой мен шошқа» мысалында сатирик өмірдегі Бәке-Сәкеңдердің бейнесін Шошекең деп алып, өткір әжуалайды.
Сатира жанры үшін есім – жай атау емес, астарлы ой мен бағалау кодын бойына сыйдырған көркемдік құрал. Біреулер одан өз ортасын көріп, өзін таниды, «осы мені айтып отырған жоқ па?» деп іштей қуыстанады. Сондықтан да сатирадағы есім-сой – күлкіге жетелейтін кілт. Шебер жазушы кейіпкеріне лайық ат қойса, ол ұмытылмайтын образға айналады. Қарапайым көрінгенімен, астарында салмақты сын, ащы шындық жатады.