
Балтабек Мұстафин Солтүстік Қазақстан облысының Преснов (қазіргі Есіл) ауданындағы Тауағаш ауылында 1926 жылы дүниеге келген. Әкесі Қабдол – асқан саятшы, аштық жылдарында ауылдастарын аңмен асыраған атақты бүркітші болған. Өзі балуан, екі иығына екі жігіт мінгендей, зор денелі болған. Балтабек – оның көп қыздан кейін көрген жалғыз ұлы.
1944 жылдың 16 қазанында, дәл 18-ге толған күні Балтабекті әскерге шақырған қағаз келеді. 75 шақырым жердегі Пресновкаға ауылдан бірге шақырылған Рыспай Жүсіпов мен Серғали Сибанбаевты да алып, Қабдол күздің қара суығында жалғыз атын жегіп, арбамен жеткізеді.
Сол жерден жас жауынгерлерді Алматыға аттандырып, Тастақтағы үш айлық әскери даярлықтан өткізеді. Жазушы Бердібек Соқпақбаевты да осы жерде әскери даярлықтан өткізгенін «Өлгендер қайтып келмейді» романынан оқыған едік, бәлки олар бірге болған шығар-ау...
1945 жылдың ақпан айында Балтабектерді соғысқа аттандыруға Новосібір қаласына әкеледі. Әскерге алынғандарды осы жерде топтап, әскери бөлімдерге бөлетін көрінеді. Бұл – соғыстың жеңіспен аяқталуға жақындаған шағы. Қалалар мен селолар алынғаны, неміс-фашист әскерлерінің сағы сынғаны туралы қуанышты хабарлар дүңкілдеп естіліп тұрған. Соғыс қимылдары Германияның аумағында өтіп жатыр, сондықтан жастар халықпен бірге көңілді. Бәрі де тезірек жетіп, жауды жайпап келуге асық.
Новосібірде вагондар жарты айдай тұрып қалады. Жан-жақтан келген вагондардың еріккен жастары берген құрғақ паектарын бәйгеге тігіп, күрестен өзара жарыс өткізеді. Бәкең орта бойлы, төртбақ, өте қарулы адам, оның үстіне әкесінен үйренген күрес әдістерін де біледі. Сол жарыста Балтабек Мұстафин орыс-қазақтың бәрін жамбасқа келтіріп, өздерінің вагонындағы жігіттерді тамаққа тойдырғанын артынан күліп отырып еске алады екен. Бірге болған Рыспай мен Серғали да оның жұрттың бәрін таңғалдырған қайратын ауылдастарына аңыз ретінде айтқан.
Ақыры оларды пойызбен бір айдай жүргізіп, Шығыс Пруссиядан бір-ақ шығарады. Бұл – Кенингсберг қаласының маңы, немістердің атақонысы. Жеңістен кейін ол КСРО-ның қарамағына өтіп, Калининград облысы болды. Балтабек Мұстафин мұнда Қызыл Ту, Суворов пен Кутузов орденді 290-атқыштар дивизиясының 878-полкіне бөлінеді. Айтуына қарағанда, бірде оны немістермен екі арадағы бейтарап алаңда жатқан пулеметшілерді ауыстыратын топпен жібереді. Оқ екі жақтан да үзбей атылып тұрған, сондықтан бұлар жер бауырлап, қорқа-қорқа жетсе, әбден шаршаған пулеметшілер ұйықтап жатқан көрінеді. Оларды ауыстырған соң бұлар да анда-санда оқ атып қойып, жаңа ауысым келгенше бір тәуліктей жатады. Ол кезде екі жақ та шабуылдамай, осылай бұқпантайлап қана атысып жатады екен.
Немістердің әбден күшейтілген Кенингсберг бекінісін алу шабуылын Қызыл армия 6 сәуірден бастап, 9 сәуірде жеңіспен аяқтайды. Википедиядағы мәліметке қарағанда, бұл шайқаста кеңес одағы жағынан 5 200 зеңбірек-миномет, 538 танк және 2 174 ұшағы бар 137 мың әскер қатысқан. 10 мыңдай адам қаза тауып, 35 мыңдай әскер жараланған. Міне, осы қанды қырғынға Балтабек ағамыз да басынан аяғына дейін қатысып, аман шыққан.
Сәуірдің ортасында бұлардың әскерін Берлинді қоршау үшін Эльба өзенінің жағалауына шығарады. Ал 16 сәуірде Берлинді алу операциясы басталып, бұлар оңтүстігінен шабуылдайды. Осы шайқаста Балтабекке минаның жарықшағы тиіп, госпитальге түседі. Жарасы ауыр болғандықтан, Варшава қаласына жеткізіліп, сонда емделеді. Ал соғыс аяқталған соң жарасы жазылған оны Магдебург қаласындағы кеңес әскерлерінің байланыс бөліміне жібереді. Осы қаладан Берлиндегі телеграфистер дайындайтын курсқа барып, 3-4 ай оқиды. Одан әрі Германиядағы кеңес әскерлері қатарында қызмет етіп, кеудесіне «Германияны жеңгені үшін» медалін тағып, аға сержант шенімен елге тек 1950 жылдың аяғында бір-ақ оралады.
Балтабек Мұстафин – елге келген соң еселі еңбегімен көптің құрметіне бөленген жан. Алдымен ол Петропавлдың педагогикалық училищесін сырттай бітіріп, 3-4 жыл мұғалім болып істейді. Жергілікті билік оның алымдылығын ескеріп, қызметке алады. Сөйтіп, аудандық партия комитетіне инструкторлыққа тағайындалады. Осы қызметте жүргенде Шағалалының техникумын агроном мамандығы бойынша бітіріп, шаруашылық қызметке өзі сұранып, Жаңалық, одан Спасовка ауылдарына бөлімше басқарушысы қызметіне тағайындалады. Әкесінің жалғыздығын, ауылдан көшпейтіндігін алға тарта жүріп, туған ауылына агроном болып ауыстыруға әзер қол жеткізеді. Ал өткен ғасырдың 70-жылдарының басынан зейнет жасына шыққанша ол барлық ұсынылған жоғары қызметтен бас тартып, туған ауылында бөлімше басқарушысы болып еңбек етті. Ауылын көтеріп, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға толағай еңбек сіңірді. Жүздеген тұрғын үй салғызды, ауылдың мәдениет үйін, мектебін, дүкенін жаңалады. Жүздеген еңбек адамы түрлі құрметке бөленіп, өкімет тарапынан марапаттар алды. Ең бастысы, ауыл адамдарын еңбекке жұмылдырып, бәріне де өзінің еңбексүйгіштік қасиетін сіңірді. Басына іс түскен, түрлі қиындыққа тап болған, ауру-сырқауға ұшыраған адамдар да Балта ағаның жақсылығын көп көретін. Оның әділеттігін де халық аңыз қылып айтатын. Әйелі Райке апаймен бірге төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де жоғары білім алған айтулы азаматтар.
Бәкеңнің өзі бейбіт еңбекте кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін таққан. 2008 жылы 82 жасында дүниеден өтті.
Әңгіме осымен аяқталса керек еді. Бірақ аяқталмаған жақсылығы болып отыр. Бәкеңнің Баян деген немересі «Память народа» деген сайтты ашып, атасы туралы дерек іздейді. Сөйтсе, Балтабек Мұстафин 1945 жылдың 15 мамырында 290-дивизияның №274/н бұйрығымен «Даңқ орденінің» ІІІ дәрежесімен марапатталыпты. Оны атасы білмеген, наградталғанын естімеген де екен. Өйткені жоғарыда жазғанымыздай, 1945 жылдың сәуірінде ауыр жарақаттан кейін Варшава госпиталінде емделген. Ал одан кейін Магдебург қаласындағы басқа бөлімге ауыстырылып жіберілген, сондықтан марапат иесін таппаған. Әрине, бұл – балалар үшін ғана емес, жалпы қазақ үшін қуанышты хабар. Әрбір қазақтың жасаған ерлігінің, төккен қанының өтемі табылып жатса, бәріміз қуанамыз.
Кейіпкеріміздің Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында нотариус болып қызмет атқаратын заңгер баласы Әбілқайыр Мұстафин дереу Мәскеуге хат жазып, өзінің жауынгердің баласы екенін дәлелдеген құжаттарын да қоса жібереді. Бұл Жеңістің 70 жылдығының қарсаңы еді. Біраз уақыттан кейін Мәскеуден хат келіп, бәрі дәлелденді, әкеңіздің ордені президент қол қойған соң сіздің отбасыңызға тапсырылады деген қуанышты хат келеді. Бұл хат Мұстафиндер әулетінің жүрегін дүрсілдетіп, қуанышы қойнына сыймай жүреді.
Ақыры 2015 жылы Әбілқайыр Мұстафин мен майдангердің басқа да балаларын облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен ардагерлер ұйымы Петропавл қаласына шақырып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің өкілі отбасында қасиетті тұмардай сақтау үшін балаларының қолына әкесінің орденін тапсырады. Бұл күні Петропавл қаласында тұратын барлық тауағаштықтар жиналып, Балтабек Мұстафинді еске алып, ерлік ескерілмей қалмайды деген сөзге көз жеткізеді.
Солтүстік Қазақстан облысы